Басмыл, басими, басмал, басмул, башмыл — көне түркі тайпасы. Бастапқы мекені — Солтүстік Алтай. 7 ғасырдың басында Бешбалықтың солтүстігінде, Зайсанның оңтүстігінде, Енисей қырғыздарының оңтүстік-батысында, Шығыс Тарбағатай тауының етегінде қоныстанған. Махмұт Қашқари Басмылдарды түрік тайпаларының солтүстік тобына жатқызып, олардың мекендеген жерін “Басмылдар даласы” деп атайды. Басмылдарды 638 жылы Жетісудың түркі тайпалары жаулап алады. Бірақ көп ұзамай олардың үстемдігінен шығып, Шығыс Түрік қағанаты құрамына кіреді. 8 ғасырдың басында Басмылдың ашнас руынан шыққан басшысының ордасы Бешбалықта орналасты. Оның қол астында 2000 үй болған. Орхон жазба ескерткіштері мәліметтеріне қарағанда, Басмыл тайпасының көсемі “идук құт” (“қасиетті бақыт”) лауазымын иемденген. Басмылдар 720 жылы өз одақтастарына қарсы жорыққа аттанып, жеңіліске ұшырады. 744 — 745 жылдары Басмылдар ұйғыр, қарлұқтармен одақтасып, Шығыс Түрік қағанатын жеңді. Орхон өзені бойында Басмыл қағанаты орнады. Қағанат не бары бір жыл өмір сүрді. 746 жылы оны тоғыз оғыздар қиратып, Басмылдарды өзіне бағындырды. 8 ғасырдың орта тұсындағы деректерге қарағанда, Басмылдар жеңіліске ұшырағаннан кейін ұсақ 5 тайпаға бөлінген. Олардың ішінде қыштымдар мен адакаштардың (ыдук-кашы), изгильдердің аты аталады. Басмылдар мал шаруашылығымен айналысқан. Жеміс-жидек теру, балық, аң аулау кәсібімен шұғылданған. Деректерде Басмылдарда үйлер қайыңның қабығынан салынғаны, ересек адамдар шашын алғызып тастайтыны, таудың қары қалың болғандықтан, шаңғыны пайдаланғаны айтылады. Басмылдар түркі тайпалары ішінде алғаш болып отырықшылыққа көшкен деген ғылыми пікір де бар. Кейбір зерттеушілер Басмылдар мен қазақ халқы құрамындағы арғын тайпасы арасында тікелей байланыс бар деген қорытынды жасаған; [1]
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Гумилевтың зерттеуі бойынша, басмылдар - қазақтардың құрамындағы арғындардың арғы тегі.
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |