Бозшағыл (лат. Bothriochloa) – астық тұқымдасына жататын жататын көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Солтүстік және Оңтүстік жарты шардың тропиктік, субтропиктік, кейде қоңыржай аймақтарында өсетін 25-ке жуық түрі белгілі. Бұлар – неоген кезеңінде тропиктік саванналарда дамып, осы заманға келіп жеткен реликт өсімдіктер. Оның ішінде ең жиі кездесетін түрі – қантияр бозшағыл (B. іschaеmum). Оны халық арасында тарла, қызылот деп те атайды. Қазақстанда таудың құрғақ беткейлерінде, дөңес төбелерде, тегіс далаларда, көбіне қуаң жерлерде өседі. Биіктігі 30 – 80 см. Тамыр сабағы қысқа. Сабағы жіңішке, жалаңаш, жапырағы таспа тәрізді. Гүлшоғыры күлте жапырақшаларының ұшында саусақтана топталған. Маусымда гүлдеп, шілде айында жемістенеді. Тұқымымен де, вегетативті (өсімді) жолмен де көбейеді. Жемісі – дәнек. Бозшағыл – бағалы мал азықтық өсімдік. Гүлденген кезінде оның құрамында 11,3% протеин, 2,2% май, 35,0% клетчатка болады. Өнімд. 6 – 10 ц/га. Бозшағылды шөбі азайып, тақырланған қуаң жерлерді көгалдандырып, жайылым сапасын арттыру үшін де егеді.[1]
- ↑ “Қазақ Энциклопедиясы”