Көкбас (лат. Diptychus) — тұқытәрізділер отрядының тілікшелілер тұқымдасы тармағына жататын балық.
Көкбастың екі түрі бар: қабыршақты көкбас (лат. Diptychus maculatus) және қабыршақсыз көкбас (лат. Diptychus dybowskіі). Қабыршақты көкбас Қазақстанда Балқаш – Iле алабында, Тентек өзенінің жоғарғы ағысында кездеседі. Дене пішіні ұршық тәрізді, бір-бірімен түйіспейтін кейде жиілеу, кейде сирек қабыршақтары бар, құйрық жағының қабыршақтары жиірек, бүйір сызығының қабыршақтары ірілеу және түйісіп орналасқан. Үлкен аузы басының астында орналасқан. Астыңғы жағын өткір қырлы мүйізді қабық жапқан. Езуінде қысқа 1 жұп мұртшасы болады. Денесінің түсі тіршілік ортасына сәйкес өзгеріп отырады, жалпы арқа жағы қоңырлау, ал құрсақ жағы ақшылдау. Жыныстық жағынан жетілген аталықтарының денесінде, басында, барлық қанаттарында (кеуде қанатынан басқа), тілікшесінде ұрық шашарда мөлдір бүршіктер пайда болады. Сирек те болса осы тектес бүршіктер аналықтарында да байқалады. Ұзындығы 30 см, салм. 560 г-дай, 11 жылдай тіршілік етеді. 4 – 5 жасында жыныстық жағынан жетіліп (аталықтары 1 жыл бұрын), біршама ірі уылдырығын (1 – 5 мың) әр түрлі суда, өзеннің ағысты, тасты жеріне сәуірден қыркүйектің ортасына дейін 2 – 3 рет бөліп-бөліп шашады.
Қабыршақсыз көкбас Қазақстанда Сырдария, Шу, Балқаш – Iле және Зайсан көлi су алабында тіршілік етеді. Дене пішіні қабыршақты Көкбасқа ұқсайды: қабыршағы тек бүйір сызығы мен тілікшесінде және кеуде қанатының үстінде болады. Аузы басының астында, еріндері етті, астыңғы ерні ортасынан жырық. Езуінде қысқа 1 жұп мұртшасы бар. Түсі ақшыл-сарғыштан қоңыр-сарғышқа дейін өзгеріп тұрады. Тіршілік ететін жеріне, дене көлеміне қарай бүйірінде әрқалай қоңыр дақтар болады. Ұзындығы 35 см, салмағы 580 г-дай, 12 жылдай тіршілік етеді. 4 – 5 жасында жыныстық жағынан жетіліп (аталықтары 1 жыл бұрын), ірі уылдырықтарын (1,2 – 12,4 мың) мамыр – тамызда өзеннің баяу ағысты, қиыршық құмды-тасты жеріне шашады. Уылдырығы – улы. Қабыршақсыз көкбас – кәдімгі бентофаг; қорегінің негізін біркүндіктердің, плекотералардың, жылғалықтар және хирономидтердің дернәсілі, бүйірімен жүзушілер, моллюскілер, өте сирек те болса балдырлар мен ауада ұшатын жәндіктер құрайды; дернәсілдерінің қорегінде су бүргелері, циклоптар, т.б. кездеседі. Көкбас Қазақстанда кәсіптік балық түріне жатпайды, тек әуесқойлар аулайды.
[1], Рыбы пресных вод СССР и сопредельных стран, ч. 2, М. – Л., 1949;
[2], 3 т., А.-А., 1988;
Бәйімбет Ә.А., Темірхан С.Р.,[3]
Қазақ Энциклопедиясы, 11 - том
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |