Қарабарақ (Halostachys) – алабұталар тұқымдасына жататын бұта немесе ағаш.
Еуропаның, Алдыңғы, Орта және Орталық Азияның сазды жерлерінде кездесетін 1 түрі белгілі. Қазақстанда Каспий маңы ойпаты, Сарыарқа, Үстірттің солтүстік және оңтүстік бөлігі, Зайсан алабы, Бетпақдала, Арал маңы, Мойынқұм, Балқаш-Алакөл ойысының сортаңды жерлері мен тұзды көлдердің жағалаулары, сондай-ақ өзен бойларында өсетін – төбесораң қарабарағы (H. belangeriana) бар.
Қарабарақты кейде түйесораң деп те атайды. Оның биіктігі 3,5 м-дей, көп бұтақты өсімдік. Ұсақ жапырақтары үш бұрышты, сабаққа қарама-қарсы орналасқан. Гүлі қос жынысты, аталығы – 1, аналығы – екеу. Шілде – қыркүйек айларында гүлдеп, жемістенеді. Тұқымы майда (0,75 мм). Қарабарақтан негізінен сақар алынады. Өсімдіктің құрамында алкалоид бар (итсигектің құрамындағы алкалоидқа ұқсас), одан өсімдік зиянкестеріне қарсы қолданылатын заттар алынады. [1]
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Halostachys |