Облыс орталығы — Атырау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 60 км-дей жерде, Нарын құмынан оңтүстік-шығысқа қарай Жалтыр көлінің оңтүстік жағасына таяу, Каспий маңы ойпатының оңтүстігіндегі, шөлді белдемде орналасқан.
Бұрын Қаратүбек деп аталатын елді мекенді Боқсақ өзегі бойын жағалай жеке шаруамен
айналысқан 2-3 үй ғана қоныс еткен. Қазіргі Ақтөбе-Астрахан автомобиль жолының табаны арқылы бұрынғы аудан орталығы Ганюшкиноға көлік қатынасы болған. 1950 жылдарды бастауында бұл жерде бастауыш мектеп бір жыл ғана жұмыс істеп, Тұщықұдық ауылына көшірілген.
Теміржол құрылысына УС-99 құрылыс-монтаж тресінің СМП мекемелері кіріскеннен кейін, тың жерден 2 қабатты үйлер, теміржолға қатынасты ғимараттар, мектеп үйі, байланыс үйі, селолық клуб, т.б. құрылыстар бой көтерген. Тәуелсіздік жылдарында Исатай ауданының орталығына айналған ауыл құрылымдары дамыған, тұрғындары газбен, сумен қамтылған, заман талабына сай кәсіп керлік нысандары қалыптасқан сәулетті ауылға айналды.
"Жайықмұнайгаз" мұнай-газ өндіру басқармасы, баспахана, машина жөндеу және тұрмыс қажетін өтеу шеберханалары, шағын электр станциясы жұмыс істейді. Кәсіпкерлік салада 104 нысан тіркелініп, онда еңбек жасайтындар саны 1000 адамға жетті. 6 мейрамхана, 3 жанар-жағармай стансасы, 2 сауда орталығы, дәріханалар мен дүкендер, техникалық қызмет көрсету стансалары да халық сұранысына сай қызмет жасауда.
Ауылда 3 орта мектеп пен 1 мектеп-гимназия, 5 балабақша, саз және спорт мектептері, кітапхана, спорт кешені, 2 мәдениет үйі, қонақ үйі, емхана, аудандық аурухана т.б. әлеуметтік нысандар бар (2018 ж.).[2]
Абай атындағы орта мектеп — 1984 жылы іргесі қаланған. 2001 жылы типтік жобадағы үш қатарлы ғимаратқа орналасқан. Мектепте 17 аудитория, 2 лингафон кабинеті, 9 интерактивті тақта бар, 68 оқытушы білім беруде, барлығы жоғары білімді.[3]
Аққыстау орта мектебі — 1968-1969 Аққыстау стансасы құрылғанда, тұңғыш рет №564 теміржол бастауыш мектебі ретінде ашылды. 1976 жылы жеті жылдық, 1977 жылы орта мектеп болды. 1986 жылы үш қабатты 624 орындық типтік үлгідегі мектеп үйі салынды.[4]
Мектеп-гимназия — 320 орындық 100 орындық жатақханасы және шеберханасы бар жаңа мектеп-гимназия 2023 жылы ашылды. 3 қатарлы ғимаратта 11 сынып бөлмесі, химия, физика, лингофон, АӘД, информатика кабинеттері бар. Оған қоса 80 орындық акт залы, спорт залы, 80 орындық асхана және медициналық кабинет те қарастырылған.[5]
Өркен орта мектебі — 2010 жылы ірге тасы қаланған 2 қабатты 220 орындық типтік үлгідегі орта мектеп. Мектепте 64 мұғалім еңбек етуде.[6]
«Өркен» бөбекжай-балабақшасы — 1974 жылы типтік емес жобада салынған, 2012 жылы «Өркен» мектебінің жанынан ашылып жұмыс жасады. 2019 жылы 290 орындық балабақшаның жаңа ғимараты пайдалануға берілді.[8]
Ш. Шәріпов атындағы балалар саз мектебі — 1992 жылы Аққыстау балалар музыка мектебіне жергілікті композитор Ш.Шәріповтың аты берілді. Мектепте домбыра, қобыз, баян, халық әні-терме, фортепиано аспаптары бойынша 261 оқушыға 30 мұғалім дәріс беруде.
Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі — 1981 жылы жұмысын бастады. Дзюдо, қазақша күрес, самбо, бокс, кейінірек баскетбол, футбол, джиу-джитсу, тоғызқұмалақ бөлімдері ашылды.
«Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубы — 2017 жылы 27 ақпанда құрылды. Үйірмелер саны-9, қатысушылар саны -274.[10]