Бағалау, экономикада — материалдық игіліктердің құнын анықтау мақсатында жүзеге асырылатын іс-әрекеттердің жиынтығы.
Бағалар күрделі экономикалық процесс. Дамыған нарықтық экономика жағдайында Бағалар жер үлестерін сатуда, үй және пәтер саудасында, өндірістік қуаттарды сатып алу немесе инвестициялық жобаларды іске асыруда жиі қолданылады. Бағалар процесі оның негізгі қағидаларын айқындауға және жүзеге асыру тетіктері мен нақты экономикалық есептеулерге негізделеді. Бағалар экономикалық сипатына қарай номиналды, реалды және оптималды болып, ал қолданылатын обьектісіне қарай жекешелендіруге ұсынылған объектілерді Бағалар, негізгі қорды Бағалар, шаруашылық қорларын бағалар, жылжымайтын мүліктерді Бағалар, т.б. түрлерге бөлінеді.
Номиналды бағалау — инфляцияны есепке алмай бағаланған экономикалық сандық көрсеткіш.
Реальды бағалау — инфляцияның болжалды шегін ескере отырып бағалау.
Оптималды бағалау — дамудың оптималды бағдарламасын жасау құралдары. Ол әкімш. шешімдер қабылдауда басшылыққа алынады. Оптималды Бағалау белгілі бір ресурс қорының бастапқы қалпымен салыстырғанда қаншалықты өзгеріп (көбейіп не азайып) отыруының оптималды өзгерісін көрсетеді. Мұның нәтижесінде қолда бар ресурстарды (еңбек, өндірістік, табиғи т. с.с.) тиімді пайдалануға болады.
Жекешелендіруге ұсынылған объектілерді бағалау — мүлікті аукционда сату кезінде бастапқы бағасын белгілеу немесе кәсіпорын акционерлік қоғам болып қайта құрылған жағдайда оның жарғылық қор көлемін анықтау. Кәсіпорынның мүлкі бухгалтерлік баланс мәліметтеріне, тікелей түгелдеу негізіне сүйеніп бағаланады. Бағаланғалы отырған мүліктің құрамына негізгі қор мен салымдар, ақшалай қаражат пен басқа да қаржылық активтер кіреді.
Негізгі қорды бағалау — негізгі қордың құнын анықтауға бағытталған әдістер жүйесі. Негізгі қор іске қосылу мерзіміне қарай әр түрлі бағаланады. Ол мынандай түрлерді қамтиды:
1) толық алғашқы құн — жаңа іске қосылған негізгі қор құны. Оған ғимаратты жабдықтау, құрылғыларды жеткізу, орнату және қосуға жұмсалған шығындар да енеді;
2) тозбасы шығарылған бастапқы құн — негізгі қор құнының өндірілген өнімге ауыспаған бір бөлігі;
3) толық қалпына келтіру құны — негізгі қорды қайта бағалау кезіндегі нақты жағдайларды: көтерме баға, транспортқа қойылған тарифтер, құрылыстың сметалық бағасын ескере отырып анықталған құн;
4) тозбасы шығарылған қалпына келтіру құны — негізгі қордың өнімге ауыспаған нақты құны. Ол негізгі қорды қайта бағалау кезіндегі мәліметтер негізінде анықталады. *Шаруашылық қорын Бағалау — табиғи көрсеткіштерді ақшаға шағып көрсету тәсілдері. Ол бухгалтерлік есеп жүргізуде қолданылады.
Жылжымайтын мүліктерді бағалау — жылжымайтын мүліктерді сатып алу, сату процесінде олардың нарықтық құнын анықтау үшін қолданылатын іс-әрекеттер жиынтығы. Жылжымайтын мүліктерді Бағалауда мынадай талаптар: тұтынушының көзқарасына негізделген талаптар, жерге қатысты немесе оған орналасқан өндірістік қуаттар мен үй құрылыстарына байланысты талаптар, нарықтық ортаның қалыптасуынан туындайтын талаптар және мүлікті өте тиімді пайдалануға негізделген талаптар басшылыққа алынады.[1][2]