Дальверзинтепе - Өзбекстанның оңтүстігіндегі ескі қала орны. Дальверзинтепе 3-4 ғасырларда Кушан патшалығының орт алығы, саудасы мен өнеркәсібі дамыған ірі қалаларының бірі болған. қала орнын 1967 жылдан Өзбекстанның өнертану экпедициясы (жетекшісі Г.А. Пугаченкова) зерттеген. Қала үш бөліктен - доғал келген цитадель, тік бұрыштышахристан және қосымша қала аймағынан тұрады. қазба жұмыстары барысында қолөнершілер мен көзешілердің жұмыс орындары табылған. Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көрсететін үй орны аршылды. 1972 ж. алтын көмбеден табылған білезік, сырға, алқа, т.б. заттар сол заманғы зергерлердің талғамы жоғарылығын көрсетеді. Ал үй қабырғаларындағы бейнелер ежелгі грек өнері ықпалын білдірумен қатар сақ-сармат халықтарына тән "аңдар стилінің" нышаның аңғартады. Соның ішінде көне үнді жазуы сақталуының ерекше маңызы бар. Үндістанмен байланысты аңғартатын екі будда ғибадатханасы (3-4 ғ-лар) зерттелді. Оның бірі қаланың орталығына орналасқан. Онда будда бейнесінде бірнеше мүсіндер гипстен, саздан жасалып, түрлі түске боялған. 6-7 ғ-ларда астананың Бедрач қаласынан ауысуына байланысты Дальверзинтепе бірте-бірте қирай бастады.
Қазақстан Ұлттық Энциклопедия. 3 том. ISBN 5-89800-149-2