Дума — фольклор термині, көне аты ("Ерлік жанры") украин халқының лиро-эпикалық жыры. Халықтың ауыз әдебиеті дәстүрімен тығыз қалыптасқан жанр. Дума негізінен халық аспаптары қобыз, бандура, лираның сүйемелдеуімен, қысқа қайырлатын әуенмен айтылады. Тақырып қамтуы, мазмұны жағынан негізінен екі топқа бөлінеді: әлеуметтік-тұрмыстық дума және тарихи уақиғаларға арналған дума. Думада ерлікті, азаттық үшін күресті жырлауға үлкен орын берілген. Композициялық құрылымы жағынан алғанда дәстүрлі бастамасы мен аяқтамасы болған. Уақиғаны баяндағанда біртіндеп өрістетіп, арасында әр түрлі шегініс жасау әдетке айналған. Өлең тармақтары ұзынды-қысқалы келіп, түйдек болып, яғни тирада түрінде әр қилы топтастырылған. 19 ғасырдағы орыс поэзиясында ақындардың тарихи, әлеуметтік мәселелерді толғайтын өлеңдерін дума деп атау кездеседі. К.Ф.Рылеев тарихи тақырыпқа жазған өлеңдерін "Думалар" деп атады. М.Ю.Лермонтов "Дума" деп аталатын өлеңінде өз замандастарының тағдыры жайында толғанады. Т.Шевченко өзінің өлеңдер жинағын "Қозбарь" деп атап, дума дәстүріне үлкен құрметпен қараған. Қазіргі украин әдебиетінде халықтың өміріндегі ірі тарихи уақиғаларды жырлайтын дума үлгісіндегі шығармалар дүниеге келді.[1]