Жалғанбозкілем

Жалғанбозкілем (Pseudosedum) – жасаңшөптер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның далалық және шөлді аймақтарында, тау баурайларының тасты шатқалдарында, бұта арасында өсетін үш түрі бар. Олардың биіктігі 20 – 50 см. Тамыры шоқталған, бірнешеу. Сабағы (1 – 4) тік, өте берік. Жапырағы ұзынша, сабаққа кезектесіп орналасады. Бастапқыда гүлі қызғылт болып, гүлдеген кезде сары түске айналады. Тостағанша жапырақшалары (ұзындығы 3 мм-дей) бөлек-бөлек орналасады. Күлтесі одан 3 – 4 есе ұзын, жемісі қоңырау тәрізді болып келеді. Аталығы 10 – 12, аналығы күлтесінен қысқа. Олар көп гүлді гүлшоғырын құрайды. Сәуір – маусым айларында гүлдейді. Дәнінің ұзындығы 1 мм-дей, өте ұсақ болады. Жалғанбозкілемнің бір түрі – Қаратау жалғанбозкілемі (Pseudosedum karatavіcum) өте сирек кездесетін эндемик өсімдік болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы