Ибақ хан

Ибақ хан
(Ибрахим хан)
Ибақ хан
Ибақ ханның Ұлы Орданың билеушісі Ахметты өлтіруі. Бейнелі жылнамалар жинағы.
Лауазымы
Түмен ханы, ноғай ханы, қазан ханы, Шибан әулетінің билеушісі
1468 — 1493/1495
Ізашары Әбілхайыр хан
Ізбасары Мамық сұлтан
Өмірбаяны
Діні ислам
Дүниеге келуі белгісіз
Қайтыс болуы 1493 немесе 1495
Әкесі Махмұтек хан
Балалары Құтлық, Ханзада, Мұртаза

Ибақ хан, кейде Ибрахим хан (тат. Айбәк хан, Ибәк хан, орыс. Ивак-царь, Ибрагим Ивак царь, Упак-царь, Бреим-царь, туған жылы белгісіз – 1493 немесе 1495) — Шибан әулетінен шыққан Түмен хандығының билеушісі (1468-1493/1495). Мамық сұлтанның ағасы, сібір хандары Ахмет-Керей мен Көшімнің атасы, Қажы Мұхаммед ханның немересі.

Жазба деректерде Ибақ ханның есімі XV ғасырдың екінші жартысынан бастап кездеседі. Ол Әбілхайыр ханның мұрагері Шейх-Хайдар ханға қарсы бағытталған ауқымды коалицияның құрамында аталып өтті. Бұл жорық туралы «Таварих-и гузида-йи Нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме» және «Бахр ал-Асрар» жан-жақты баяндайды. Шығыс жылнамаларына сәйкес коалицияның құрамында Ұлы Орданың билеушісі Ахмет хан, Қажы-Мұхаммед ханның ұлы Сейтек, Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек, Жәдігер ханның ұлы Бүреке сұлтан болған. 1469 жылы орын алған бірнеше қақтығысқа қарамастан, ешбір қарсыласушы жақ жеңіске жете алмады. Шейх-Хайдардың Ибақтың қолынан қаза тапқандығын «Таварих-и гузида-йи Нусрат-наме», «Шайбани-наме» хабарлайды. 1469 жылы Ибақ хан Дешті Қыпшақтағы Көшпелі өзбектер мемлекетін құлатуға қатысып, Әбілхайыр ханның немерелері Мұхаммед Шайбани және Махмұд паналаған Қажы-Тарханды қоршауға алады. Жорықты Ұлы Орданың билеушісі Ахмет хан, маңғыт биі Аббас және Ибақ басқарды. 1460-шы жылдардың аяғында Ибақ Түмен жұртының билеушісіне айналды.

Ибақ ханның соқтырған теңгесі

Архангелогород жылнамасының ақпаратына сәйкес 1481 жылдың қаңтар айында ноғай мырзалары Мұса мен Жамқұршының қолдауына ие болған Ибақ Ұлы Орданың билеушісі Ахмет ханға кенеттен ұйымдастырылған шабуыл жасап, оны мерт қылған. Ахмет ханның қызы мен ұлысындағы «ордабазардың» Ноғай Ордасына немесе Түмен жұртына көшірілгендігін Вологод-Пермь, Устюг және Вологод жылнамалары хабарлайды. Ордабазардың көмегімен Ибақ Түмен хандығының әскери және экономикалық күшін арттыруды көздеген. Қаңтар айындағы оқиғалар қырым ханы Меңлі-Керейдің поляк-литва королі Казимир IV жазған хатында да баяндалған. Ибақ ханның батыс бағыттағы алғашқы әскери жетістіктері оның орыс елшілік құжаттарындағы лауазымына әсер етті. Устюг жылнамасында «шибан», ал Никонов жылнамасында «ноғай» ханы ретінде аталып өтті.

1487 жылы Қазан хандығындағы мемлекеттік төңкерістен кейін хан тағына ІІІ Иванның жақтасы Мұхаммед-Әмин отырды. Қазандағы билеуші топтың бір бөлігі (Алқазы, Қасым Сейіт, Бегіс, Өтеш және т.б.) қаладан қашып, Түменді паналауға мәжбүр болды. Кейбір болжамдарға қарағанда, олар Ибақты таққа отырғызу рәсімін өткізіп, оны қазан ханы ретінде мойындады. 1489 жылы «ноғай ханы» Ибақтың Мәскеуге аттандырған елшілігі тұтқынға түскен бұрынғы қазан ханы Әлиді босатып, Түменге жіберуді жоспарлаған. Сәтсіз аяқталған келіссөздердің қорытындысы бойынша Ибақ ханның кейбір экономикалық талаптары орындалып, Қазан хандығы арқылы өтетін дипломатиялық бағыттарды орнату келісілді.

1492 және 1493 жылдары Ахмет ханның ұлдары Шейх-Ахмет пен Сейіт-Махмұтқа қарсы ұйымдастырылған біріккен ноғай-түмен одағының жорықтарына қатысқан. Алайда ноғай билеушілерінің Қажы-Тархан тағына ағайынды Ибақ пен Мамықты отырғызу жоспары іске аспады.

Ибақ хан бейнеленген 1 орал франкі (1991)

XVII ғасырда жарық көрген сібір жылнамаларындағы ақпаратқа сәйкес 1493 немесе 1495 жылы жергілікті тайпалардың билеуші тобының бір бөлігі Ибақ ханның билігіне наразылық білдіреді. Олар Тайбұға әулетінің өкілі Мұхаммедтің басшылығымен Чинги-Тура қаласына шабуыл жасап, Ибақ ханды өлтірген. Ханның өлімінен кейін түмен тағын інісі Мамық сұлтан иеленді. Ибақ хан ұрпақтарының ішіндегі ең танымалы – Сібір (Түмен) хандығының билеушісі Көшім хан.

Әдебиеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Архангелогородский летописец // Полное собрание русских летописей / Отв. ред. акад. Б. А. Рыбаков. — Л.: Наука, 1982. — Т. 37. Устюжские и вологодские летописи XVI—XVIII вв. — С. 95. — 227 с. — 5400 экз.
  • Ахмедов Б. А. Государство кочевых узбеков. — М.: Наука, 1965. — С. 55, 60-61, 68-69. — 194 с.
  • Исхаков Д. М. Об общности этнической истории волго-уральских и сибирских татар (булгарский, золотоордынский и позднезолотоордынский периоды) // Сибирские татары. Монография / Отв. ред. С. В. Суслова. — Казань: Институт истории им. Ш. Марджани АН РТ, 2002. — С. 41—44, 48-49. — 240 с. — 500 экз. — ISBN 5-94981-009-0.
  • Исхаков Д. М. Тюркско-татарские государства XV—XVI вв. — Казань: Институт истории им. Ш. Марджани АН РТ, 2004. — С. 17, 19, 41. — 132 с. — (Biblioteka TATARICA). — 500 экз.
  • Камал ад-Дин Али Бинаи. Шайбани-наме // Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков (Извлечения из персидских и тюркских сочинений) / Отв. ред. Б. Сулейменов. — Алма-Ата: Наука, 1969. — 652 с.
  • Парунин А.В. Политическая история Тюменского ханства в 1430-1508 гг.: монография / А. В. Парунин. — Челябинск: Фонд содействия сохранению культурного наследия «Общественный фонд "Южный Урал"», 2023. - 247 с.
  • Почекаев Р. Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. — СПб.: Евразия, 2010. — С. 226—227, 234. — 408 с. — 1,000 экз. — ISBN 978-5-91852-010-9.
  • Сабитов Ж. М. Генеалогия Торе. — Алма-Ата, 2008. — С. 290. — 326 с. — 1.000 экз. — ISBN 9965-9416-2-9. Архивная копия от 27 января 2012 на Wayback Machine
  • Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. — М.: Восточная литература, 2002. — С. 113—118. — 752 с. — ISBN 5-02-018193-5.
  • Тюменское и Сибирское ханства / под ред. Д. Н. Маслюженко, А. Г. Ситдикова, Р. Р. Хайрутдинова. — Казань: Издательство Казанского университета, 2018. — 560 с. — ISBN 978-5-00130-021-2.
  • Файзрахманов Г. Л. История татар Западной Сибири: с древнейших времен до начала XX века. — Казань: Татар. кн. изд-во, 2007. — С. 120—128. — 431 с. — 1,000 экз. — ISBN 978-5-298-01536-3.