Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Дәуд әс-Санһаджи (һижри 672-723), Ибн Әджуррум деген лақаппен танымал имам, әдебиетші, тіл ғалымы, араб тілі емлесінің маманы. Һижра бойынша 672 жылы Мағрибтегі Фес қаласында (қазіргі Марокко) дүниеге келген. Ибн Әджуррум көптеген өлеңдер мен жинақтардың авторы саналады, бірақ оның ең танымал кітабы — «әл-Муқаддима әл-Әджуррумия» — араб тілі емлесінің ережелеріне кіріспе. Бұл кітабын көптеген араб тілі ғалымдары тіл ғылымын үйренудегі бастама ретінде насихат еткен, оны өлең шумақтары ретінде жазған (мысалға әл-Имрити). «әл-Муқаддима әл-Әджуррумия» басқа кітаптардан қысқалығымен, жаттауға жеңілдігімен ерекшеленеді. Бұл кітапқа түсініктеме жазған Мұхаммед әл-Усәймин айтады:
«әл-Әджуррумия» араб тілі емлесіне арналған кішкене, бірақ берекеті көп, реттеуші әрі жеңіл кітап. Мен бұл кітапты наху ғылымын оқуды бастаған әр адамға насихат етемін.— Мұхаммед әл-Усәймин
Кейбір биографтар «Әджуррум» бербер тілінен алынған, «кедей сопы» мағынасын беретін сөз деп жазған, бірақ бұл тұжырымды Ибн Анқа жоққа шығарып, бұл сөзді берберлер білмейтінін айтқан. Бұл сөз берберлердің «Бану Әджуррум» тайпасынан шығуы мүмкін[1]. Сонымен қатар кейбір деректерде бұл сөз «әджәрум», «әджрум» немесе «әкрум» деп те келген[2].
Бұл — Ислам туралы мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |