Казаков Матвей Федорович

Казаков Матвей Федорович (1738, Ресей, Мәскеу қаласы – 7.11.1812, Рязань қаласы) – орыс архитекторы, орыс архитектурасындағы классицизмнің негізін салушылардың бірі. Д.В. Ухтомскийдің архит. мектебінде оқыды (1751 – 60). Тверьде қызмет істеді (1763 – 67). П.Р. Никитиннің басшылығымен қала жоспарын жасауға қатысып, Екатерина ҚҚ-нің Сапар сарайын салды. 1768 – 74 жылы Мәскеудегі Үлкен Кремль сарайының жобасын жасауда В.И. Баженовтың көмекшісі болды. Бұл Казаковтың болашақ шығармашылығының қалыптасуына игі әсер етті. Құрылыстың конструкциялық тиімділігі мен архит. бейнелердің еңселілігі, қала салу ісіндегі кең өрістілік Казаков еңбектерінен табиғи тұтастық тапты. Казаков 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басындағы Мәскеудің архит. келбетін айқындайтын тұрғын үйлерінің түрлерін жасады, ірі ғимараттар салды: Сенат үйі (1776 – 87), Университет (1786 – 93, кейін Д.И. Жилярди қайта салды), Голицин (1796 – 1801) мен Павлов (1802 – 07) ауруханалары, Демидовтың (1789 – 91), Губиннің (1790), Барышниковтың үй-жайлары. Филипп Митрополит (1777 – 88) пен Вознесенскийдің (1790 – 93), Косьма мен Дамианның (1791 – 1803) шіркеулері Казаковтың қолынан шыққан ірі құрылыстар (бәрі Мәскеуде). Оның құрылыс ісіне үлкен ордерлерді енгізуі (Мәскеу Кремлінің Колонналы залы), мүсіндермен безендіруі (Сенат, Университет), монументті кескіндемені кең пайдалануы (Демидов үйінің “Алтындалған бөлмелері”) ғимарат интерьерінің әсем әрі салтанатты болып шығуына әсер етті. 1800 – 04 жылы Мәскеудің бас және “фасадтық” жоспарын, ең басты ғимараттарының архит. альбомын жасады. Казаков Ресей өнері тарихындағы жанрлық сурет туындыларының алғашқы авторларының бірі (“Петров сарайының құрылысы”, 1778, тушь, қаламұш, Мемл. архит. мұражай). Ол Кремль құрылысы экспедициясының жанынан архит. мектеп ұйымдастырды (шәкірттері И.В. Еготов, А.Н. Бакарев, И.Г. Таманский, М.М. Казаков, Р.Р. Казаков, О.И. Бове, т.б.).

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том