Кілем тоқу

Тік өрмек. ҚР ҰМ материалдары бойынша суретін салған Ж. Шәйкен.

Кілем тоқу – тік немесе көлденең құрылған тоқыма өрмегінің көмегімен, бетіне түрлі өрнек салып, түкті немесе тықыр етіп тоқу. Ұзындығы 3,5-4 м, ені 2 м көлемінде болатын түкті кілемді 2-3 әйел бір айға жуық уақытта тоқып бітіреді.

Кілем тоқуға дайындық және сатылары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кілем тоқуға қойдың, түйенің көктемде қырқылған жабағы жүні (өлі жүн) немесе мақта (оңтүстік өңірлерде) таңдалады. Кілем тоқу ісі басталмас бұрын көп сатылардан тұратын дайындық жұмыстарынан басталады. Ол қой қырқу, жүн түту, жіп иіру, жіп бояу, өрмек құру сияқты машақаты көп іс-әрекеттердн тұрады. Ең әуелгі дайындық – қойдың көктемгі жабағы жүнін қырқу. Ол үшін қырқым басталардан бір-екі күн бұрын қой отарын өзен суына екі-үш рет түсіріп тоғыту жұмыстары жасалады. Осылайша, қой жүніне жабысқан шөп-шалаңнан, шаң-тозаңнан, арылтылады. Қой жүні кепкен соң қырқу жұмыстары басталады. Қырқылған жүнді бөліп жармай түр-түсіне қарай, қат-қатымен орап су тимейтіндей етіп, бастырма астына жиыстырылады. Тоғытылған қой жүнін жумай-ақ та, жүн тарақтың көмегімен бірден түте беруге болады. Ал, керісінше, қой жүнін жуып алып түтетін болса, онда ол ұйысып, түтуі қиынға соғады. Түтілген жүн әр түрлі көлемде шүйкеленіп қойылады.

Кілем жіптерін иіру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кілем жіптерін иіру – түтілген жүнді немесе мақтаны қалыңдығы әр түрлі көлемде иіріп дайындайды. Мәселен, кілемнің желісі мен арқауына жуан етіп иірілсе, түгіне арналған жібі жіңішке, әрі бос иіріліп, келептеледі. Кілемнің желісі мен арқауына арналып иірілген жіп шыңдалады. Ол үшін келептелген жіпті қайнаған суға салып біраз уақыт ұстап, арасы бір қадам шамасында жерге қағылған екі қазыққа жіпті керіп, ортасынан бұрау ағаш салып тартып тастайды. Осылайша, бір апта шамасында керіліп тұрады. Мұның себебі, желі жіп өрмекке керілгенде созылмай қалпын сақтайды.

Жүн және кілем жіптерін бояу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жүн және кілем жіптерін бояу – ісмерлер кілем жіптеріне арналған бояуды өсімдік тамырларынан, жапырағынан және табиғи минералдық заттардан алған. Кейін келе химиялық заттардың арзан болып, қол жетімділігіне байланысты анилин сияқты бояуларды да пайдаланған.
Кілем жіптерін бояу әдісі екі түрлі жағдайда өтеді. Ол – жүнді иірмей және иіріп алған соң да атқарыла береді. Мысалы, жүнді жаздың ыстық күндерінде иірмей-ақ бояса, қыста кептіруі қиынға соғадықтан, иіріп алып бояуға тура келеді.
Жүнді иірмей бояған жағдайда су құйылған қазанға бояу және тұз салып бояу толық еріп болған соң, үстіне жүнді салып, бәсеңдете от жағып, бояу қанық болып сіңгенше ағаш қалақпен үзіліссіз аударыстырып қайнатады. Қазандағы су қайнаған соң, астындағы оттың күші азайтылып, жүннің әр жерін екі ағаш қалақпен қыса шымшып көтеріп көреді. Бояуы қанық сіңген жағдайда, жүн бозғылт болмай, қанық сіңгендігі байқалады. Су салқындаған соң қазандағы жүнді шығарып, сорғытылып, көлеңкеге керілген жіпке іліп, кептіреді. Жүнді иіріп алып бояйтын болса, келептелген жіпті қазанға салып жоғарыда айтылғандай қайнатып бояп, кептіреді. Әбден кептірілген жіп, шөлмектерге төгіліп домалақ етіп оралады.

Өрмек құру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Көлбеу өрмек. ҚР ҰМ материалдары бойынша суретін салған Ж. Шәйкен.

Өрмек құру – көп жағдайда өрмек көлбеу етіп, қарапайым тәсілмен құрылған. Өрмек үй алдындағы жан-жағы қоршалған бастырманың астына немесе үйдің үлкендеу бөлмесінің біріне құрылады. Әркім жоспарлаған кілемнің көлеміне қарай, енінің екі арасының алшақтығы 4-5 қадам (2, 2,5 м), ұзындығы 8-10 қадам (4-5 м) етіп, екі-екіден төрт қазық қағып, оған көлденеңнен жұмыр ағаш бекітіп, оған екі арасы бидай өтетіндей көлемде желі жібі жүгіртіледі. Желісі жүгіртілген соң, өрмектің екі басы қатайтылып тартылып, ортасынан күзуағаш немесе белағаш байланады. Оның осылай деп аталуы күзуағашқа немесе күйеу ағашқа байланған күзу жіптерге өрмектің желісінің ұрғашы жіптерінің міндетті түрде ілініп тұруына байланысты қалыптасты. Сөйтіп, күйеуағашқа шалынып берік байланған күзу жіптер ұрғашы жіптерді жоғары немесе төмен көтеріп отыратын функция атқарады. Оның ұзындығы тоқылатын кілемнің енінен 20-30 см көлемінде ұзындау болып, өрмектің екі жағынан сәл шығып тұратындай болып, қалыңдығы кілем жібінің салмағын көтертіндей үш елі шамасында (5-7 см), ені төрт елі (10 см) көлеміндегі жалпақ ағаштан асты көтеріліп қойылады. Осы ағашқа өрмек желісінің еркек жібі мен ұрғашы жібінің шатыс түсуі үшін, жоғарыда айтылғандай, астыңғы жібіне, яғни, ерсі немесе ұрғашы жіпке күзу жіп байланады.
Оған боялмаған жіптен немесе желісіне арналған жіпті де қолдана беруге болады. Осылай күзу жіп арқылы желісінің үзілген, үзілмегендігін байқауға болады. Әлгі жіп үзілген жағдайда үстіңгі жібінің арасы ашылып, жерге салбырап қалады. Кілемшілер тілінде бұл үзілген жіпті жіп қашу деп атайды.

Кілем тоқуға қажетті құрал-саймандар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Кілем тоқуға қажетті құрал-саймандар.

Кілем тоқу барысында қолданылатын құралдар:

  • Адарғы, адырғы – үстіңгі жіппен астыңғы жіпті шатастырмай бөліп тұратын және жіптерді асты-үстіне шығарып отыратын ағаш, құрал.
  • Тоқпақ – еркек жіп пен ұрғашы жіптің шатысына арқау жіп өткізілген соң, жіп арасын түйгіштейтін тарақ тәрізді құрал.
  • Пышақ – салынған кілем түгін алдыңғы қатарға қарай шымши тартып қосып отыратын аспап.
  • Қайшы – жіпке түктеп түр салған соң, артығын кесіп тастайтын құрал.
  • Есептаяқ (серу ағаш) – өрмектің адарғысының алдында тұратын, бой жіптерді санап, байлап қоюға арналған таяқ.
  • Инелік – тақыр кілемнің бетіне өрнек салуға арналған ағаш құрал. Ол жұқа бұдырсыз тақтайшадан жып-жылмағай етіп өңделіп жасалады.

Кілем тоқудың үрдісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Енсіз өрмекте өрмек тоқу үрдісінің схемасы.
Түк жіптерінің шалу үрдісінің схемасы.
Моңғолиядағы қазақтардағы өрмек тоқу үрдісінің схемасы. Моңғолия Баян-Өлгий аймағының 67 жастағы тұрғыны әйгілі қолөнерші Мәдине Тоқайқызының схемасы бойынша суретті салған Ж. Шәйкен.

Кілем тоқу ісі басталғанда өрмекке тартылған желі жібінің еркегі мен ұрғашысын шатыс алып, арасына арқау өткізіп, екі-үш елі көлемінде (кейде одан да ұзындау болады) түк салмай, тоқпақпен ұрғыланып тығыз тоқылады. Кейде, осылай түк салмай тегіс тоқылыс кілемнің ұзына бойы екі жанынан да қайталанады. Бұл, кілем кенересінің астына қарай қайтарылып қалуы салдарынан түгінің үйкеліп, тозуынан сақтайды. Осы қатарлардан соң ғана түк салу жалғасады. Түк салуға арналған көп түсті домалақ жіптер арнайы керілген жіпке тоқымашының алдына тарқатуға ыңғайлы етіп, аспақтата ілініп, бір ұшы тоқымашының қолында болады.
Түк салынатын жіп желінің ерсісімен қарсысына (еркек жіп пен ұрғашы жіпке) шалыс оралып, қайшымен кесіліп отырады. Бір қатары болған соң, арқау өткізіліп, тоқпақпен ұрғылап, келесі қатарға түк салу жалғаса береді. Екінші қатардан бастап, оң қолға пышақ алып, осы пышақтың көмегімен түк салынған жіпті, алдыңғы қатарға қарай шымши тартып, аяғына дейін жалғаса береді.
Кілемнің алғашқы қатарлары басталғанда шетіне негізгі төсегінің түстерінен басқа түсті жіптерден (ақ, көк, қоңыр) су деп аталатын бір қатар жолақ тоқылады. Кілемші басқа кілемге немесе суреті сызылған кілемнің кескініне қарап отырып, жіптерін санап түрлі өрнек салады. Салынатын өрнектердің де жиегіне су жүргізіледі. Ол кілем бетіндегі негізгі түспен өрнектің түсін ажыратып тұру үшін қолданылады. Екінші шетіне де түк салмай тегіс тоқылыс жасап, бетіне әсемдік үшін қызыл, көк немесе басқа түсті жіптерден алақұрт жиек бастырылады.

Кілемнің түр-түсі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ кілемдерінде қолданылатын түстер өте көп те емес. Кілемнің түсі негізінен қанық қызыл, күрең қызыл түсті болып, көрген көзге жайлы, әрі әсерлі келеді. Жасыл, сары, көк, қара, қоңыр түстер кілем бетіндегі қосалқы өрнекті теру үшін ғана болмаса, негізгі колорит ретінде пайдаланбаған. Халық ұғымында қызыл түс – өсіп-өнудің, өркендеудің символы.

Кілем тоқу барысында атқарылатын жосын-жоралғылар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кілем басталғаннан тоқылып болғанға дейін түрлі жосын-жоралғылар мен ғұрыптар орындалады.

  • Кілем бастау. Кілем бастар алдына үйдің бәйбішесі көршінің әйелдерін, қыз-келіншектерін алдын-ала белгіленген күні кілем бастайтындығы жайында хабардар етіп, қазан көтеріп, дастархан жайып, тамаққа шақырады. Жаратқан иеден тілеу тілеп, дұға оқып сыйынып «кілем бастау» жоралғылары жасалады. Көрші-қолаңдары құрулы өрмектің тұсына келіп «кілемің өрнекті болсын!» деген тілектер айтып, шашу шашысады. Осы рәсімнен кейін кілем тоқу үрдісі басталады. Кілем тоқылып болғанға дейін тіл-көзден сақтау мақсатында ер адамдардың кілем тоқылып жатқан жерге келуіне тыйым салынады. Сондай-ақ, отбасындағы балалардың бірі сырқаттанып қалған жағдайда, кілем тоқу ісін доғарып қояды. Себебі, баланың ауруы да кілем тоқу ісі сияқты ұзаққа созылып кетеді деп санаған. Кілем тоқылып жатқанда көршінің бозбалалары келіп қалған жағдайда, түрлі-түсті жіптерден шашақ жасап, жасырын түрде киіміне қыстырып жіберетін дәстүр бар. Оны байқаған бозбала кілемші қыздарға айна, тарақ, иіссу, иіссабын, беторамал сияқты заттар сыйлайтын. Ал, баланың анасы болса, кілем тоқып жатқандарға ас дайындап әкелген.
  • Кілем жазар – кілем тоқылып болғаннан кейін өрмектен қырқып алу жоралғыларының бірі. Көрші-қолаң, дос-жарандардың әйелдері тоқылып болған кілемге «құтты болсын!» айта келіп, шашу шашып, жақсы тілектерін айтып, өрмектен қырқып алып, қыл-қыбырынан, жіп-шуынан тазарту үшін қағып-сілкіп, кілем құру жорасын жасайды.

Тақыр кілем тоқу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тақыр (тықыр) кілем тоқу – бетіне түк салынбай тоқылған кілем түрі. Әдетте, мұндай кілемді төсеніш ретінде қолданылады. Тақыр кілем де түкті кілем сияқты тік немесе көлбеу өрмектің көмегімен тоқылады. Төсеніш кілемді қойдың көктемгі жабағы жүнінен немесе мақтадан иірілген жіптен тоқиды. Түйе жүнін пайдаланбайды. Халық ұғымында түйе қасиетті мал саналғандықтан, жүнін баспауға тырысады. Мұндай кілемді тоқу түкті кілемге қарағанда тез тоқылады. Көлемі орташа кілемді (3-3,5 м, ені 2 м) екі-үш әйел орта есеппен 10-15 күнде тоқып бітіреді.
Тақыр кілемге арналып құрылған өрмекте түкті кілемге қарағанда, айтарлықтай өзгешеліктер болмайды.
Жоғарыда айтылғандай халық арасында тақыр кілемнің – арабы кілем, тақта кілем, боднос кілем, орама кілем (оны кейде, жергілікті аймақтарда шегірен кілем деп те атай береді) сияқты атаулары кездеседі.
Арабы кілем, сірә, Қазақстанның оңтүстік өңіріне қоныстанған (Амударияның төменгі ағасына) арабтар ұрпақтарынан ауысқан болуы керек. Арабы кілем аралас техникамен, яғни, орама сияқты және терме тәсілдері қатар қолданылып тоқылады. Бұл кілемнің ерекшелігі қызыл, сары түсті төсегіне (фонға) сумен ажыратылған бірнеше қатар жалпақ жолақтарға ірі өрнектер тоқылып, аралықтарына түрлі өрнектерден тұратын су деп аталатын жіңішке жолақтар жүргізіледі. Арабы кілем тоқу қазақтар мен қатар өзге де түркі халықтарында да (башқұрт, татар) кездеседі. Жоғарыда айтылғандай қазақ шеберлерінің тоқыған арабы кілемінің композициялық шешімі этникалық сипаттағы – алабас, өрмекші, ботакөз, қазмойын, тұмарша, итқұйрық, құсізі өрнектерге негізделген, яғни, қазақы сипатта болып келеді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнерi. Алматы: Қазақстан, 1969;
  • Культура казахов в коллекциях Омского государственного историко краеведческого музея. Отв. ред.: И.В. Захарова, Н.А.Томилов. Томск: Изд. Томского университета, 1995;
  • Казахские ковры. Алматы: DIDAR. 1998;
  • Тахсин П. Сыр-Арал аймағындағы тоқымашылық дәстүрі және оны дамыту жолдары. Тарих ғыл. кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясының авторефераты. Алматы, 2001;
  • Маңғыстаудың дәстүрлі қолөнері. Алматы: Информа, 2001;
  • Система научного описание музейного предмета: классификация, методика, терминология. Справочник. СПб.: Арт-Люкс, 2003;
  • Өмірбекова М.Ш. Қазақтың ою-өрнектері. Энциклопедия. Алматы: Алматыкітап, 2005;
  • Шойбеков Р.Н. Қазақтың ұлттық мәдениеті және қолөнері. Тілтаным. Алматы, 2006. №2. 28-35 бб.; Қолөнер бұйымдарының жасалу материалына байланысты қалыптасқан атаулар. Қазақстанның ғылыми әлемі. Шымкент, 2006. №4. 56-60 бб.; Шевцова А.А. Казахский народный орнамент: истоки и традиция. Москва 2007;
  • Тохтабаева Ш.Ж. Шедевры Великой степи. Алматы: Дайк-Пресс, 2008;
  • Әлімбаев М. Шиелінің кілемі. Мәдениет. 2008, №11. 48-52 бб.;
  • ҚР МОМ – матриалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.