Леонид Игнатьевич Беда

Беда Леонид Игнатьевич (16. 8.1920, Қостанай облысы Ұзынқол ауданы Ново-Покровка с. - 26.12.1976 Минск, Беларусь) - екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, авиация генерал-лейтенант (1972), ұшқыш-шабуылдаушы. КСРО-ға еңбек сіңірген әскери ұшқыш. Орыс. Орал пед. институтын (1940) бітірген. 1940 ж. Кеңес әскері қатарына шақырылды. Чкалов әскери авиациялық ұшқыштар мектебін бітірген соң 1942 жылдың тамыз айында майданға жіберілді. Ол Сталинград, Донбасс, Таганрог, Кенигсберг қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. 75-гвардиялың авиациялық шабуылдаушы полктің (4-Украина майданы, 8-әуе армиясы, 1 -гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия) әскадрилья командирі 1944 жылдың сәуіріне дейін 109 рет әскери тапсырмамен жау әскері шоғырланған жерлер мен бекіністерін шабуылдады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлыгымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (26.10.1944). Сол полктің (З-Беларусь майданы, 1-әуе армиясы, 1-гвардиялық шабуылдаушы авиациялық дивизия) командирінің орынбасары бола жүріп, 105 әскери тапсырманы орындады. Осы ерліктері үшін КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Бедаға екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (29.6.1945). Соғыс аяқталған соң Әскери-әуе және Бас штабтың әскери академияларын бітірді. Ленин, 4 рет Қызыл Ту, Александр Невский, l-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Әскери қызметтегі міндетін орындау кезінде қаза тапты. Бедаға Қостанай к-нда қоладан бюст орнатылған. Минск қаласында бір даңғылға, Гродо облысы Лида қаласындағы көшеге, Харьковтағы мектепке Беда есімі берілген.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет.ISBN 9965-893-73-Х