Майра Мұхамедқызы



Майра Мұхамедқызы
Дүниеге келгені: 5.9.1965
ҚХР Құлжа қаласы
Мансабы: ҚР Еңбек сіңірген әртісі

Майра Мұхамедқызы (сахнада Maira Kerey - Майра Керей есімін пайдаланады) (1965 жылдың 5 қыркүйек күні Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келді) қазақтың ең атақты опера әншiсi (сопрано), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Париждегі "Гранд Операда" Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі.

Майра Мұхамедқызы ҚХР-да өнерлі отбасында туып, өскен. Тарихи отанына 1994 жылы оралды. Әкесі Мұхамед Әбдіқадырұлы — композитор, профессор, музыка зерттеу саласы бойынша көптеген кітаптардың авторы. Анасы Камал Қуанышқызы — әнші, ҚХР Халық әртісі.

Майра Мұхамедқызы Бейжің Ұлттар Университетінің Музыка Факультетін (Джоу Бен Чин сыныбы) және Пекин Консерваториясын (Го Шу Джен сыныбы) бітірген. Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (профессор Н.А. Шариповтің сыныбы) стажировкадан өткен.

Шығармашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Майра Мұхамедқызының (Еуропа сахнасында Майра Керей) шығармашылық өміріндегі айтулы кезеңі Францияның Гранд-опера театрымен (Opéra National de Paris) келісім-шарт жасауынан басталады. Әлем опера аренасына Пуччинидің «Богемасындағы» Мюзетта рөлімен дебют жасап, опера жұлдыздары тенор Роберто Аланья, Марселло Альварез қатарлас әншілермен бірге ән салды. Г.Доницеттидың «Махаббат дәрісі» (L'Elisir d'Amore) атты комедиялық операсында Адина рөлімен Opéra National de Lorraine, Opéra de Rennes, Théâtre de Caen, Grand Théâtre de Reims және Opéra National Bordeaux сахналарында өнерін көрсетті. Әлемдік классикалық операның үздік үлгілеріне қатысып, жетекші партияларды орындап, европадағы опера карьерасын бүгінге дейін жалғастырып келеді.

Қазақ опера театрында Абай спекталінде Майра Ажар рөлінде

2005 жылы Майра Мұхамедқызы әйгілі әлем опера жұлдызы Пласидо Домингоның шақыруымен АҚШ опера сахнасына көтерілді. Вашингтон Ұлттық Опера Театрында П.И.Чайковскийдің «Орлеан Бикешінен» Агнесс Сорель партиясын орындады, аты аңызға айналған әлем опера жұлдызы Мирелла Френимен бір сахнада ән салды.

Gay City News ақпарат құралы айтуынша, Майра Керей — керемет орындаушылық шеберлігімен қоса табиғат берген ажары мен өнері астасқан дарынды әнші. «Тамаша дауыстың иесі Майра Керей бірегей дарынымен, табиғи қуатты, ашық таза, жағымды да әдемі дауысымен көрермендер жүрегін жаулап алды. Майра Керей Вашингтон операсына үлкен рөлдермен қайта оралатынына кәміл сенеміз», — деп жазады The Washington Times.

Майра Мұхамедқызы Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сопрано дауысты жетекші әрі беделді әншісі. Майраның театрдағы репертуарында Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек, Жубанов пен Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар, Вердидің «Травиатасындағы» Виолетта, «Риголеттодағы» Джильда, Бизенің «Кармен» операсындағы Микаэла, Доницеттидің «Лючия ди Ламмермурдегі» Лючия, Гуноның «Фаустындағы» Маргарита, Пуччинидің «Турандот» операсындағы Лию және басқа да партиялары бар.

Соңғы опера маусымында Майра Мұхамедқызы Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсындағы басты партияны Opéra National de Lorraine опера театрында, Доницеттидің «Дон Паскуале» операсындағы Норина рөлін Grand Théâtre de Genève және Théâtre de Caen сахналарында, Пуччини «Богемасындағы» Мюзетта партиясы және Гуноның «Фаустындағы» Маргарита партиясын Opéra National Bordeaux опера театрында, Бритиннің «Жазғы түндегі түс» операсында Титания рөлін Opéra National de Lorraine, Grand Théâtre de Тoulon және Opéra National Bordeaux сахналарында сомдады. Altamusica келесідей хабарлайды: Қазақтың әнші қызы Майра сомдаған образдар ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын өзіндік ажар-айшығымен ерекшеленеді. Кейіпкерлерінің бойына табиғи сұлулық пен ішкі жан-дүниесі мен сыртқы келбетінің астасып адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, көрермендер жүрегін әншілік шынайылығымен, орындаушылық шеберлігімен баурап алады»

Майра Мұхамедқызының концерттік репертуары бай да байсалды. Әншінің әлемдік классикалық операсынан бөлек, оперетта, мюзикл, камералық вокалды шығармалардан, халық әндерінен тұратын бай репертуары үнемі толықтырылу үстінде. Репертуарындағы көптеген шығармалар Қазақстан сахнасында бұрын соңды орындалмаған. Опералық және концерттік репертуарын асқан талғампаздықпен таңдап, үлкен еңбекқорлық пен ізденістің үлгісін көрсетіп келеді. Майраның орындаушылық тәжірибесі Бетховеннің 9-ші симфониясын, Гайдннің «Әлем жаратылысы» ораториясын, Мендельсоннің Elijah ораториясын, Моцарттың Exultate Jubilate, Перголезидің «Stabat Mater», Россинидің «Кішкене Салтанатты Месса», Вилло-Лобостың «Bachianas Brasileiras No. 5» т.б. қамтиды.

Майра Мұхамедқызы жеке концерттік, гастрольдік сапарда жиі болады. Ол Пекин, Гонконг, Стамбул, Дели, Сеул, Мәскеу, Санкт-Петербург, Будапешт қалаларында және Словакияда Форе, Пуленк, Дебюсси, Рахманинов, Чайковский, сонымен қатар, қазақ және қытай халық әндерін орындады. Пекиннің «Жон Шань Ли Тан» концерттік залында орталық Пекин опера театрының симфониялық оркестрімен және Ұлыбританиядағы «Кадоган-холл» концерттік залында Лондоннің Корольдық симфониялық оркестрімен жеке концерттері өтті.

2009—2010 опера маусымында Майра Мұхамедқызы Керубинидің «Медея» операсындағы Глауче ролын сомдайды. Сонымен қатар, Opéra National de Lorraine театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен Mozart et les femmes атты жеке концерті Францияның Нанси қаласында өтеді.

Қазақ мемлекеттік Абай атындағы академиялық опера және балет театры 2009—2010 маусымында Майра Мұхамедқызына арнайы Доницеттидың «Махаббат дәрісі» (L'Elisir d'Amore) атты комедиялық операсының жаңа қойылымын ұйымдастыруда.

Майра Мұхамедқызы Қазақстанның өнер Елшісі болып, қазақты өзге елдерге танытып, ұлттық опера өнерінің жалауын көптеген алыс-жақын шетелдерде желбіретіп, мәртебесін көтерді, егемен еліміздің мақтанышы, қазақ халқының жұлдызды әншісіне айналды. Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрімен осыған дейін орындалмаған халық әндерінен тұратын «Інжу Маржан» таспасын жазып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Майраның өнері жайлы бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен насихаттады. Майра тамаша әншілігімен қатар, Әмір Қарақұловтың «Жылама!» атты көркем фильмінде басты рөлді шебер орындап, жаңа бір қырынан көрінді.

Ән жинақтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кинодағы ролдері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сыншылардың пікірлері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қызықты деректер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Марапаттары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаты, жеңімпазы:

  • «Алтын айдаһар» байқауында I сыйлық (Қытай, 1988 ж.);
  • «Томаз Алкайде» байқауында I сыйлық (Португалия, 1997 ж.);
  • Мәскеудегі П.И.Чайковский байқаунда III сыйлық, М.Я.Давыдова атындағы арнайы диплом (Ресей, 1998 ж.);
  • Елена Образцова байқауының арнайы сыйлығы (1999 ж.);
  • «Үміт» номинациясы бойынша «Тарлан» тәуелсіз меценаттар сыйлығының иегері (2000 ж.);
  • «Қазақстан жыл таңдауы – 2004» байқауының «Алтын Адам» сыйлығы [1].

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстан Республикасында кімнің кім екені – 2011. 2 томдық анықтамалық. Алматы, 2011. ISBN 978-601-278-473-2