Малдас құру

Малдас құру. Бұл сөз тіркесінің түсіндірме сөздіктегі мағынасын — екі аяғын астыға жіберіп ...отырыс деп ұғынамыз. «Төрде малдас құрып, құрметті қонақтар отырды» (С. Мәуленов, Үркер.).

Қазіргі қалпында, сөз болып отырған, тұрақты тіркестің екінші сыңары ғана түсінікті сияқты көрінеді. Ал «малдас» сәзінің қандай мағына беретінін ешкім де айтып бере алмаса керек. Шынына жүгінсек, осы кезде жазып жүрген «малдас құру» дегеніміз қазіргі орфографиялық сөздігіміздің ыңғайына көндіріп, икемдей түсіп, бір қалыпта тұрақтандыру ниетінен туған тіркес. Ауызекі тілімізде мұны әркім «молда соқыну», «малдасын құру» сияқты түрде де айта береді. Дұрысын айтсақ, тұрақты тіркестегі екі сөздің әрқайсысының да мағынасы беймәлім.

Біздің байқауымызша, әуелгі кезден-ақ бұл екі сөздің тіркесінен құралған. Бірақ ол сөздердің алғашқы дыбыстық құрамы танымастай өзгерістерге ұшыраған. Түркі тілдерді былай қойғанда, моңғол тобындағы, тіпті араб, парсы тілдерінде де тіркестің бірінші сыңарына (малдас) мағына жағын айтпағанда, дыбыстық құрамына сай келерліктей сез табу қиын. Солай бола тұрса да біз өз жорамалымызды ұсынып көрмекпіз.

«Малдас» сөзімен дыбыстық құрамы жағынан ұқсас сөзді тунгус-маньчжур тобындағы тілдерден кездестіреміз. Эвенкілерде—мокойи, негидаль тілінде — моокласин, ульчтерде — моқйлан, орокша — моңилатчи, маньчжур тілінде — мосэла қалпында дыбысталатын сөздердің қай-қайсысы да — аяқты айқастыра жиыстырып астыға баса отыру деген мағыналарда қолданылады. Осы тұлғалардың кез келгенін, біз әңгімелеп отырған сөз тіркесінің алғашқы сыңарымен сәйкестіруге әбден болады. Әсіресе, «малдас» сөзіне негидал тіліндегі «моокласын» өте жуық келеді. Бір-біріне үндес осы сөздердің алғашқы мағынасы «аяқты айқастыра астыға басу» деген мағынада қолданғандығын ажырату енді қиын емес сияқты.

Келесі жорамал — «малдас құру» тіркесінің екінші сыңары «құру» туралы. Мұның алғашқы дыбыстық құрамы мүлде басқаша әрі мағынасы да «құру» сөзінің қазіргісінен алшақ болған демекпіз. Оның алғашқы тұлғасы мен мағынасын моңғол тобындағы тілдерден табамыз. моңғолдарда — суух, қалмақ тілінде — суух дыбыстық тұлғалар біздің тіліміздегі «отыру» мағынасында қолданылады. Осы тілдердің ықпалын түркі тілдерінің ішінде башқұрттардан табамыз: сүкәйеү — отыру.

Сырт көзге, бұл топшылауымыз оғаш көрінсе де, тіл туыстығы, олардың ішіндегі заңдылықтар теріске шығара қоймайды. Өйткені түркі, моңғол, тунгус-маньчжур тобындағы тілдер туыстық жағынан бір семьяға кіргізіліп жүр. Осыны еске ұстай отырып, «малдас құру» тұрақты тіркесінің алғашқы құрамы «моокласин суух» немесе осыған сәйкес болуы мүмкін де, мезгіл өткен сайын талай өзгеріске түсіп, қазақтардың ауызекі қолданысында «малда соқыну», «молдасын соқыну», «молдас оқыну» дәрежелеріне жетіп, ал мағынасы көп өзгеріске ұшырамай — «аяғын айқастыра отыру» қалпын сақтағандығы байқалады. Ал қазіргі «малдас құру» дегеніміз, жоғарыда көрсеткеніміздей, күштеп өзгертуден пайда болған кейінгі нәтиже.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6