Щепкин Михаил Семенович (17.11.1788, бұрынғы Курск губерниясы Обоянь уезі Красное станциясы – 23.8.1863, Ялта қаласында) – орыс актері. Орыстың ұлттық сахна өнерінің негізін салушылардың бірі. Басыбайлы шаруа отбасында туған. 1800 ж. алғаш рет әуесқойлар спектакліне қатысып, А.П. Сумароковтың “Қыңыр әйел” комедиясында басыбайлы малай Розмарин рөлін орындады. Кәсіби сахналық өнер жолын 1805 ж. Курск қаласында ағайынды Барсовтардың театрынан бастады. 1816 ж. И.Ф. Штейн мен О.И. Калиновскийдің труппасына (Харьков қаласы) ауысып, осы театрдың бір топ актерлерімен бірге 1818 ж. Полтава қаласындағы И.П. Котляревский басқарған “еркін театрды” ұйымдастырады. Бұл театр жабылып қалғаннан кейін 1822 ж. Штейннің труппасына (Тула қалаға) қайта оралды. Сол жылы Щепкин отбасымен кіріптарлықтан құтылып, бостандық алды. Ол бірте-бірте драмматика спектакльдермен қатар опералар мен балеттерге де қатысып, сан алуан жанрдағы көптеген рөлдерде ойнады. Оның орындаушылық өнері қызу қанды, шоқты ойынымен және юмор молдығымен ерекшеленді. Мәскеу қаласындағы сахналық қызметін 1822 ж. бастаған Щепкин келесі жылы осындағы театр труппасына (1824 жылдан Кіші театр деп аталды) қабылданды. Щепкин өзінің таңдаулы сахналық бейнелерін орыстың реалистік драматургиясы шығармаларында жасады. Мысалы, Фамусов (1830; А.С. Грибоедов, “Ақыл азабы”), Дуанбасы (1836), Кочкарев пен Подколесин (1843), Жұбатушы (1843) және Бурдюков (1844; Н.В. Гоголь, “Ревизор”, “Үйлену”, “Ойыншылар” мен “Дау-шар”) рөлін сатиралық бағытта ойнаған Щепкин елдің өз дәуіріндегі мешеу өмір-тұрмысын өткір сынға алды. Ол тұңғыш рет орыс сахнасында Чупрун (Котляревский, “Москаль-сиқыршы”), Шельменко (Г.Ф. Квитка-Основьяненко, “Шельменко-қосшы”), Симон (Соваж және Делурье, “Матрос”), Жакар (Фурнье, “Жакар немесе Жакар станогы”) секілді халық өкілдерінің бейнесін жасады. Бұл рөлдері жылы мысқылға, терең драматизмге толы болды. Ал оның трагедиялық актер сипатындағы дарын табиғаты Шейлок (У.Шекспир, “Венеция көпесі”) пен Барон (Пушкин, “Сараң сері”) рөлін орындауда айқын байқалды. Щепкин аса көрнекті театр педагогы, ұлағатты ұстаз ретінде де белгілі. Щепкин негізін салған сахналық реализм дәстүрі Мәскеу қаласындағы Кіші театр өнерінің ілгері дамуына зор ықпал жасады. Осыған орай кезінде Кіші театр – “Щепкиннің үйі” деген атауға ие болды. Кіші театр жанындағы театр училищесі М.С. Щепкиннің есімімен (1938) аталады.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |