Андреев Михаил Степанович (11.9.1873 — 10.11.1948, Тәжік Республикасы, Душанбе) — шығыстанушы. Өзб. Респ. ғылым академиясының академигі (1943).
Түркістан оқытушылар семинариясын бітіргеннен кейін (1893) Ходжентте мұғалім болып істеген. 1894 жылдан Ташкент оқытушылар семинариясында, офицерлер мектебінде сабақ берді. Орта Азия мен Закавказье елдеріне саяхаттар жасап, В.В. Радловтан өзінің шығыс тілдері жөніндегі білімін тереңдетті. 1898 ж. Д.А. Клеменцтің Шығыс Түркістанға жасаған экспедициясына аудармашы ретінде қатысып, археол., фольклорлық материалдар жинады. Парижде (1898 — 99), Үндістанда (1905 — 14) болған кездерінде де шығыс халықтарының тарихы мен тілдерін зерттеуді жалғастырды. 1918-24 ж. Түркістан шығыс ин-тының алғашқы екі жылында директоры, 1924 жылдан доценті қызметін атқарды. Осы ин-т негізінде құрылған Орта Азия мемл. ун-тінде проф-лық жұмыста болды (1939 — 47). 1944 ж. А-ке Тәжікстанның, 1945 ж. Өзбекстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді. Ғалым еңбектері негізінен Орта Азия археол-сы, тарихы, эпиграф., этнол. мәселелеріне арналған. Еңбектерінің толық тізімі А.К. Писарчиктің “Михаил Степанович Андреев” (1873 — 1948) деген мақаласында берілген.[1]