Іргесі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде қаланған. 1942 жылы ұжымшар орталығы болды. 1949 жылы Тайсойған механикаландырылған мал шаруашылығы стансасына айналды. “Мия” шөбі көп шығуына байланысты ежелгі тұрғындар мекендерін «Миялы» деп атап кеткен екен.
1989 жылы елді мекенде 5303 адам тұрған.[2]1999 жылы тұрғындар саны 6034 адам (3005 ер адам және 3029 әйел адам) болса, 2009 жылы 6473 адамды (3234 ер адам және 3239 әйел адам) құрады.[3]
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 7569 адамды (3839 ер адам және 3730 әйел адам) құрады.[4]
Халел Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп — 1922 жылы Аяпберген Науанұлы негізін қалаған екі сыныптық мектеп алғашқыда «Аяпбергеннің ақ школы» (Тайсойған бастауыш мектебі) деген атқа ие болып, 1933 жылы Қамыскөл жетіжылдық мектебі, 1952 жылы Ворошилов, 1957 жылы Н.К.Крупская атындағы орта мектеп болып өзгеріп, 1996 жылы Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлының есімі берілді.
Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназия — 2007 жылы Миялы ауылында 320 орындық орта мектеп салынып, пайдалануға берілді. Қызылқоға аудандық әкімшілігінің 26.12.2008 жылғы №316 «Миялы ауылынан жаңа ұлттық гимназия ашу туралы» қаулысына сәйкес ауданда тұңғыш ұлттық гимназия ашылды. Мектепте 20 орындық жатақхана болды. 2009 жылы аудан әкімшілігінің ұйғарымымен Миялы ұлттық гимназиясы №1 негізгі мектеппен қосылып №1 мектеп-гимназиясы болып қайта құрылды. 2017 жылдың 12 қыркүйегінде мектеп-гимназияға ақын Ы.Шөрековтің есімі берілді.[5]
Қызылқоға аудандық ауруханасы — аудандық денсаулық сақтау бөлімі 1944 жылдан бастап құрылды. Қарабау елді мекенінен 10 төсектік аудандық аурухана ашылды. Аудан орталығы 1959 жылы Миялыға көшірілгенде аудандық аурухана бірге көшірілді. Осы кезде аурухана 35 керуеттік болып, кейіннен 65 керуетке өсті. 1981 жылы типтік жобада 100 керуеттік аудандық орталық аурухана ғимараты салынды. 2009 жылы 30 төсектік аудандық туберкулез ауруханасы салынып пайдалануға берілді. 2011 жылдың 16 наурызында ауысымына 250 адамды қабылдау мүмкіндігі бар аудандық емхана пайдалануға берілді.
«Бәйтерек» мешіті — 2003 жылы салынған. Жалпы ауданы 112 шаршы метр. 50 адамға арналған. Ғимарат ер және әйелдер намаз оқитын бөлмелер мен имамның бөлмесінен тұрады. Биіктігі 8,4 метрлік 4 мұнарасы, 1 күмбезі бар. Арка типтес терезелері үлкен етіп жасалынған.[7]