1918 жылы ақпан-мамыр айлары — жұмысшы шаруа депутаттары Қарқаралы уездік кеңесінің хатшысы.
1918—1919 жж. Ақгвардияшылар түрмесінде.
1920—1921 жж. — Қарқаралы уездік ревкомының, уездік атқару комитетінің, Семей губерниялық әскери ревкомының мүшесі және бөлім меңгерушісі, губкомның бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық атқару комитетінің мүшесі.
1921 жылдың қазанынан революциялық Трибуналдың төрағасы.
1923 жылдың 11 сәуірінен РКФСР Жоғарғы Сотының қазақ бөлімінің төрағасы. Н. Нұрмақовтың Жоғарғы Сот пен губерниялық прокуратураның қалыптасуындағы ролі ерекше зор.
1923—1924 жж. Юстиция халық комиссары. Осы кезеңде прокуратура мен сот органдарын ұйымдастыру, кәсіби кадрларды даярлау, іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жұмыстары аяқталды. Орынборда тұңғыш өлкелік заң курсының ашылуы Нұрмақовтың қызметке келуімен дәл келді. Қысқа мерзімді курстар Семейде, Ақмолада, Қостанайда ашылды. Олардың жанынан еңбек сессиялары ұйымдастырылды. 1922 жылғы 13 шілдеде екінші шақырылған КирЦИК-тің ІІІ сессиясында прокурорлық қадағалау туралы, адвокатура туралы Ережелер қабылданды. 1923 жылғы 28 желтоқсанда КирЦИК жанындағы бас Тәртіптік Кеңес туралы қаулы бекітілді.
1925 жылғы қыркүйек—қазан айлары — ВКП(б) Киробкомының бөлім меңгерушісі.
1924 жылғы қазан — 1929 жылғы сәуір — ҚАКСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы.
Нығмет Нұрмақов берік қалыптасқан интернационалист болды. Ол туған республика жетістіктерін бүкіл совет елінің табыстарымен тығыз байланыста қарады. Оның Одақтық үкімет алдына қойған бірқатар маңызды ұсыныстары терең дәйектілігімен назар аударды. Мәселен, астықты аудандардың бірі ретінде Қазақстанның ролін арттырудың қажеттігін мәселе етіп қойды. Партиялық және мемлекеттік жұмыстың қай саласында жүрсе де барлық күш-жігерін, ұйымдастырушылық дарыны мен білімін жаңа құрылыс ісіне аянбай жұмсады.[1]