Пір

Пірқажы, қазірет, ишан сияқты ірі дін басыларына байланысты қолданылатьш ұғым. Көбінесе сопылар арасында кездеседі. Көп жағдайда Пір "әулие" атанып, аскеттік өмір суреді. Діни ұғымда Пір қолдаушы, қорғаушы, сүйеніш болып есептеледі, аруақ туралы түсінікке жақындайды. Түрлі табиғи заттарды, ескі мазарларды, кейбір тарихи ескерткіштерді Пір тұтып, діни аңызға бөлеп, "әулие" күзетшісіне айналдырады.[1] Ислам дінін ұстанушылар пірді киелі, қасиетті тұтып, Алланың қамқорлығына ие болған жебеуші, демеуші ретінде дәріптейді.[2]

Пір (парсы тілінде – қария, ақсақал) – сопылық ұғымдағы ақиқат жолды нұсқаушы, шарапатты рухани ұстаз, кәсіп иесін қолдаушы, ботагөй ақсақал. Ақиқатты қалап, тариқат жолына түскен әрбір шәкірттің кемел пірді табуы шарт болған. Жол нұсқаушы пір - рухани кәмелеттікке жеткен, ұстаздық жасауға өз пірінен рұқсат алған, пайғамбардан бастау алатын рухани жалғастықтағы адам. Кемел пір жолға түсуші салихтың нәпсімен күресуіне,шайтанның айласын ашуына көмектесіп, өзін-өзі тануына, жақсы-жаманды ажыратып,моральдық жетілуіне, жүрек көзі ашылып, хақиқат ілімге жетуге басшылық жасайды. Қазақ халқының рухани жәдігерліктерінде,діни әдебиетте пір ұғымы “Пірмұған” сөзімен ұштаса қолданылады. Пір рухани кемелдену жолын басып өткен, хақ жолының қалтырыс сырларын білетін, шәкіртінің рухани хал-күйін тамыршыдай дөп баса білетін рухани ұстаз болу шарт. Пір бейнесі халық ауыз әдебиетінде молынан кездеседі. Сондай-ақ пір бейнесі әрбір кәсіп иесінің жебеушісі ретінде де көрінеді. Мысалы, Адам ата – диқаншының пірі, Нұх пайғамбар – ағаш ұсталарының пірі, Дәуіт – темір ұстасының пірі болып саналады. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы негізгі кәсіп мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, әрбір кәсіп иелерінің пірі бар. Мысалы, Ойсылқара – түйешілердің пірі, пайғамбар сахабасы, Қамбар ата – жылқышылар пірі, олар Қ.А.Ясауи силсаласында оның орнын басушы тариқат басшылары ретінде белгілі болған.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
  2. Қазақтар. 5-том. "Білік" баспа үйі, Алматы, 2003
  3. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-том. Алматы, “Қазақ энциклопедиясының” бас редакциясы, 2005