Синтия Линн Бризил | |
Туған күні | |
---|---|
Туған жері | |
Азаматтығы | |
Ғылыми аясы | |
Жұмыс орны | |
Ғылыми дәрежесі |
Синтия Линн Бризил (ағылш. Cynthia Lynn Breazeal, 15 қараша 1967 жылы туған, Альбукерке, АҚШ)[1] – Массачусетс технологиялық институтының медиа-өнер және ғылымдар кафедрасының доценті, медиа зертханасында Personal Robots тобының басқарушысы.[2][3] Сонымен бірге Jibo компаниясының негізін қалаушы және бас ғалымы болып табылады. Синтия робототехника мен адам-роботтардың өзара әрекеттесуін зерттеген ғалым, өнертапқыш болып табылады. «Designing Sociable Robots» деген еңбегі бар. Оған қоса, журналдарда және конференцияларда автономды робототехника, жасанды интеллект, адам-роботтардың өзара әрекеттестігі және роботтарды оқыту бойынша 100-ден астам рецензияланған мақалаларын жариялады. Автономды роботтар, аффективті ойлау және ойын-сауық технологиясы саласындағы бірнеше редакциялық кеңестерде қызмет етеді. Сонымен қатар Бостондағы Ғылым Музейінің бақылаушысы қызметін атқарады.[4]
Синтия өзінің оқу жолында да белсенділік танытты. 1989 жылы Санта-Барбарадағы Калифорния университетінде Электротехника және Компьютерлік инженерия бойынша бакалавр дәрежесін, 1993 жылы магистр дәрежесін және 2000 жылы Массачусетс технологиялық институтында Электротехника және Информатика ғылымдарының докторлық дәрежесін алды.[5]
Синтия Родни Брукс бастаған жобада Kismet роботын жасап, адамдар мен роботтар арасындағы өзара алмасуды зерттеді.[6] Оның Массачусетс технологиялық институтының мұражайынан жасанды интеллект зертханасында аспирант ретінде жасаған жәндіктер тәрізді Ганнибал роботын және гуманоидты роботтар қаңқасын көруге болады.[7]
Синтия Бризилдің зерттеулері жеке роботтардың әлеуметтік интеллектуалды, адамдармен өзара әрекеттесетін және адамдармен қарым-қатынас жасайтын технологияларын дамытуға бағытталған.[8]
Синтия Бризил бүгінде көрнекті жаһандық инноватор ретінде танылады. Ол Ұлттық Инженерлік Академиясының Gilbreth Lecture сыйлығы және ONR Young Investigator сыйлығымен марапатталған. Technology Review-дің "TR100/35" сыйлығын иеленіп, TIME журналының 2008 жылдың ең жақсы өнертапқышы және коммуникация саласындағы National Design марапаттарының финалисті ретінде танылды. Сондай-ақ, оның жұмысы жоғарғы ғылыми конференцияларда көптеген үздік мақала марапаттарына ие болды. 2014 жылы Fortune журналының ең перспективті кәсіпкері ретінде танылды, L’Oreal USA Women in Digital NEXT Generation сыйлығын иеленді. Сол жылы әлеуметтік робототехника мен адам-роботтардың өзара әрекеттесуіне қосқан үлесі үшін Джордж Р.Стибицке арналған Computer & Communications Pioneer сыйлығын алды.[9]