Стефанотис (STEPHANOTIS СТЕФАНОТИС) – ластовнеялар тұқымдасына жатады. Африка, Мадагаскар және Малай архипелагы аралында кеңінен таралған өсімдік.Табиғатта 16 түрі белгілі. Оның бір ғана «Флорибунд» деген түрі үй жағдайында өсіріледі. Ол әдемі жапырақты, ерекше гүлдейтін шырмауық болып табылады. Сабақтарының мықтылығынан кез келген пішінге келтіруге төзімді. Жапырақтары жұмыртқа пішіндес жылтыр. Түтікше болып келген гүлдері ақ түсті, бес күлтелі, диаметрі 3-4 см, қолшатыр тәріздес 8-10 данадан жинақталған, хош иісті. Мамыр айынан қыркүйек айына дейін гүлдейді. Негізінен стефанотис ақжұпардың туысы болып келеді, сондықтан болар оны кейде «Мадагаскарлық ақжұпар» деп те атайды.
Тіке түсетін күн сәулесі бар жерге қоюға болмайды. Бірақ жарық жерді ұнатады, жарық жетіспесе жапырақтары сарғайып кетеді.
Қыс айларында 12°C салқындық қажет, егер мұндай температуралық жағдай жасамаса, гүлдемей қояды.
Жазда молырақ, қыс айларында топырағы құрғаған кезде ғана суғару керек.
77-80%-дай ылғалдылық болуы қажет, жиі су бүркіп тұрған абзал.
Көктем, жаз кездерінде екі аптада бір рет минералды және органикалық тыңайтқышпен қоректендіреді.
Негізінен кене зиян келтіреді, оған қарсы инсектицидтер қолдану қажет.
Қалемше және тұқымы арқылы көбейтіледі.
"Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727