Сығанақ

Сығанақ
Мемлекет

Хорезмшах мемлекеті,
Алтын Орда,
Өзбек хандығы,
Қазақ хандығы

Қазіргі жері

 Қазақстан, Қызылорда облысы

Қалануы

V—VIII ғғ.

Басқаша атаулары

Сунақ, Сунақата

Қиралды

XVIII ғ.

Қиралу себебі

Жоңғар шапқыншылығы

Орналасуы

44°09′24″ с. е. 66°57′40″ ш. б. / 44.15667° с. е. 66.96111° ш. б. / 44.15667; 66.96111 (G) (O) (Я)Координаттар: 44°09′24″ с. е. 66°57′40″ ш. б. / 44.15667° с. е. 66.96111° ш. б. / 44.15667; 66.96111 (G) (O) (Я) (T)

Сығанақ (Қазақстан)
Сығанақ

Сығанақ, Сунақ – ортағасырлық қала орны. Қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Сунақата ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Қазақстанның республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің қатарында.

Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды сауда және қолөнер орталығы. 1469-1511 және 1521-1599 жылдары Қазақ хандығының астанасы, ал оған дейін қыпшақ мемлекеті мен Ақ Орданың бас қаласы ретінде белгілі.

Моңғол шапқыншылығына дейін

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы “Худуд әл-Әламда” кездеседі. Ертедегі Сығанақ қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Сығанаққа көшпелі елдер мал, ет, тері, жүн, т.б. әкеліп, өздеріне қажетті заттарын алған. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты “Қыпшақ даласының гаваны” деп атаған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ Хорезмшах Текештің қол астында болған.

Моңғол шапқыншылығынан кейін

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1219 жылы Сығанақты жетікүндік қоршаудан кейін Жошы әскері басып алып, қарсылық көрсеткендерді қырғынға ұшыратты. Осы кезден бастап қала Жошы ұлысының (Алтын Орда) құрамында болды.

XIII ғасырдың 2-ші жартысында қала қайта жандана бастады. Жошы ұрпақтары кезінде Сығанақ Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған (1328 жылы теңге сарайы пайда болды).

Сығанақтың дамуына Алтын Орданың билеушісі Орыс (Ұрыс) хан үлкен үлес қосты. Оның тұсында қалада жаңа медреселер, мешіттер және т.б. қоғамдық ғимараттар салына бастады.[1] XIV ғасырдың ортасынан бастап қала Ақ Орданың астанасына айналды.

1379 жылы қайта біріккен Алтын Орданың ханы Тоқтамыс Әмір Темірдің көмегімен Сығанақты басып алып, өз атынан теңге соқтыра бастады. 1383 жылы қаланың теңге сарайында Әмір Темір өз ақшасын шығарды. 1384-1395 жылдары Сығанақ алтынордалықтар мен Әмір Темірдің арасындағы тартыстың орталығына айналды. XV ғасырдың басында қаланы Әмір Темірдің немересі Ұлықбек бағындырды. Алайда 1423 жылы Барақ ханның әскері Сығанақты басып алып, Темір әулетінің өкілдерін қаладан қуып шығарды.

1446-1468 жылдары қала Әбілхайыр мемлекетінің құрамында болды.[2] Рузбиханның пікірінше, Әбілхайыр хан Сығанақта жерленген. Бүгінгі күнге дейін сақталмаған Көк-Кесене ханның қабірі саналады.[3]

Қазақ хандығының астанасы ретінде

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Тәуке ханның Сығанақ қаласының тұрғындарына жарлығы (1675-1676)

XV ғасырдың 80-жылдары қаланы қазақ ханы Бұрындық биледі, ал оның маңайы қазақ тайпаларының қысқы қоныстарына айналды. Осы кезден бастап Сығанақ пен оның төңірегі біржола Қазақ хандығына қарады және негізгі саяси, экономикалық орталықтардың бірі саналды. XV – XVIII ғасырларда қала бұрынғысынша сауда және қолөнер орталығы болды.

1598 жылы қаланың төңірегінде мекендеген қарақалпақтар туралы алғашқы деректер кездеседі.[4]

Ұлы Жібек жолының дағдарысы мен көршілес өзбек, жоңғар билеушілерінің шабуылдары Сығанақтың өз маңыздылығын жоғалтуына алып келді. Қаланың орталық бөлігі XVII ғасырдан бастап зират ретінде қолданылған.[5] XVII–XVIII ғасырларда бірнеше рет жоңғар шапқыншылығына ұшырады. Осы шапқыншылықтар және басқа да әртүрлі себептерден қала бірте-бірте өзінің өмір сүруін тоқтатты (XIX ғасырға қарай).

XIX ғасырдағы қоқандықтардың көне қаланың айналасындағы қаланған Сунақата бекінісі орыс-қоқан соғысы кезінде қиратылды.[6]

Архитектурасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қаланың қазіргі орны 10 га жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Жан-жағында көптеген үйінділер, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Шахристан аумағындағы 15 мұнарадан тұратын қабырғаның ауданы 10 га құрайды. Бесбұрышты шахристанның солтүстігіндегі ұзындығы 250 м, батысындағы - 360 м, оңтүстігіндегі - 250 м, оңтүстік-шығысындағы - 450 м, солтүстік-шығысындағы - 350 м. Оның оңтүстік-батысында ауданы 7,2 га құрайтын цитадель орналасқан. Шығыс қабырғаға қарай цитадельге қосымша кіре-беріс орны бар. Археологиялық қазба барысында табылған заттарға қарағанда Сығанақ VI – XVIII ғасырларда өмір сүрген.

Зерттеу жұмыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1801 жылғы “Сібірдің сызба кітабында” да Қазақстанның Сырдария алабындағы қалалардың бірі деп көрсетілген. [7][8]

Қаланы 1867 ж. П.И. Лерх, 1906 – 07 ж. И.А. Кастанье, 1947 ж. Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекші А.Н. Бернштам) зерттеген.

2004 жылдан бастап "Мәдени мұра" атты мемлекеттік программаның аясында көне қаланы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2006 жылға қарай XV-XVI ғасырдың қабаты ашылып, қызыл кірпіштен салынған төрткамералы кесене мен XIV-XV ғасыр мешітінің іргетасы табылды.

2009-2011 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қыш ыдыстардың 57 үлгісі табылды. Табылған үлгілер Қызылорда облысының тарих және өлкетану мұражайына табысталды. Қазба жұмыстарын жалғастыру мақсатымен қосымша 4 млн қаржы бөлінді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қыпшақтардың тұңғыш астанасы Мұрағатталған 18 қазанның 2016 жылы.
  2. История, экономика и культура средневековых тюрко-татарских государств Западной Сибири. — Курган, 2017. — 33 с.
  3. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман-наме-йи Бухара (Записки бухарского гостя). — М.: Восточная литература, 1976. — С. 117—118.
  4. П. П. Иванов. Новые данные о каракалпаках // Советское востоковедение : журнал. — 1945. — № 3. — С. 60.
  5. Сығанақ қалашығы
  6. Айгуль Утепова Исследователи сделали сенсационное открытие в Кызылординской области
  7. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
  8. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8