Сян Сиңһай

Сянь Синьхай
Сурет
Негізгі ақпарат
Туған күні

13 маусым 1905 (1905-06-13)

Туған жері

Гуанчжоу, Цин Империясы

Қайтыс болған күні

30 қазан 1945 (1945-10-30) (40 жас)

Қайтыс болған жері

Мәскеу, КСРО

Мемлекет

 Қытай

Мамандықтары

композитор

Жанрлары

опера

Сян Синьхай (Си Синхай) (1905 жылғы маусымның 13-і - 1945 жылғы қазанның 30-ы) (Қытайша: 冼星海; пиніин: Xiǎn Xīnghǎi) — Қытай композиторы. Оның ең атақты шығармасы — «Сары өзен кантатасы».

Макаода кедей теңізші отбасында дүниеге келген. Отбасының түп-тегі «Панюй» (қытайша: 番禺; пинійн: Pānyú) деген жерден.

Музыкамен 1918 жылы айналыса бастаған.

1926 жылы Пекин университетінің жанындағы Ұлттық музыка институтына оқуға түсіп, музыка пәнін зерттей бастады.

1928 жылы Шанхай ұлттық музыкалық консерваториясына түсіп, иық қобызы және пианино бойынша дайындала бастады. Дәл сол жылы ол өзінің «Ғаламдық музыка» деген шығармасын жариялады.

Сян Сиңһай жасы 23-тердегі кезінде, Шаңһай қаласында.

1929 жылы Сян үкіметтің қолдауымен Парижге барып, 1931 жылы Париж консерваториясына композиторлық өнерді зерттеуге қабылданды. Оқып жүрген кезінде «Жел», «Жиһанкездің өлеңі», «Д-минордағы иық қобызына арналған соната» сияқты шығармаларын жазды.

Сян Қытайға 1935 жылы қайтып оралды. Қытай-жапон соғысы (1937-1945) кезінде Сян «Елді құтқару», «Қарсыласпау — біздің жалғыз қорқынышымыз», «Партизандар өлеңі», «Біз жолдарды аштық», «Ұлан-байтақ Сібір», «Отанның ұлдары», «Жауға қарсы майданға аттан!», «Тайһаң тауларында» сияқты халықты жапон басқыншыларына қарсы күреске жігерлендіріп, үндейтін музыкалық шығармалар жазды.

1938 жылы ол Янандағы Лу Сюн атындағы өнер институтында декан болып тағайындалды. Жұмыстан бос уақытында өзінің атақты «Сары өзен кантатасы» деген шығармасын жазды.

1939 жылы Қытай коммунистік партиясының мүшесі болды.

Алматыдағы композитордың атымен аталған көшедегі белгі.

1940 жылы Сян «Ян'ан және Сегізінші армия» атты құжатты фильмнің музыкасын жазу үшін Кеңес Одағына сапар шекті. Соның алдында ол Мау Зыдоңмен кездесті.

1941 жылы Кеңес Одағы Үшінші Рейхтің шабуылына ұшырап, Сян бастаған жұмыс аяқсыз қалады. Ол Шынжаң арқылы Қытайға қайтпақ болды, бірақ Шынжаңның коммунистерге қарсы әскери билеушісі Шың Шыцай оның жолын жауып, Сян Қазақстанның сол кездегі елордасы Алматыда тұрақтап қалады.

1942-44 жылдары қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың қонағы болады. Өмірінің Алматы кезеңінде ол «Ұлттың азат етілуі» және «Қасиетті соғыс» атты симфонияларын, «Аманкелді Иманов» симфониялық поэмасын, «Бүкіл өзен қызыл тартты» және жел мен ішекті аспаптарға арналған «Қытай рапсодиясы» атты сюиталарын жазды. Қазақ әндерін жинап, зерттеумен айналысты. Ол ұзақ уақыт бойы тым көп еңбек еткеннен және жете тамақтанбаудан туберкулез ауруына ұшыраған болатын. Соғыс біткен соң Сян Мәскеуге емделуге барады. Бірақ ауруынан толығымен айыға алмай, 1945 жылдың қазанында Мәскеу Кремлінің ауруханасында 40 жасында қайтыс болды.

Шығармашылығы мен атақтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сян 300-ден астам шығарма жазды. Оған қоса ол 35 мақала жариялады, соның ішінде «Ние Ер — Қытайдың жаңа музыкасын жаратушы» және «Қытай музыкасының ұлттық стильдері туралы» атты мақалалар. Қытай музыкасына жасаған ықпалы үшін ол Қытай Халық Республикасының Халық композиторы атағына ие болды.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Xian Xinghai