Сұлтан Ахмед хан (Алаша хан)

Сұлтан Ахмед хан I
Лауазымы
Моғолстан ханы
1485 — 1504
Ізашары Жүніс хан
Ізбасары Мансұр хан
Өмірбаяны
Діні ислам
Дүниеге келуі 1465 (1465)
Моғолстан
Қайтыс болуы 1504 (1504)
Ақсу (Моғолстан)
Әкесі Жүніс хан
Балалары Мансұр хан, Ескендір сұлтан, Сұлтан-Саид хан, Бабаджақ сұлтан, Шах-Шейх Мұхаммед сұлтан, Сұлтан Халил, Емин-Қожа сұлтан, Шың-Темір сұлтан, Жүніс-Темір сұлтан, ТОхта-Бұға сұлтан

Сұлтан Ахмед хан I (ұйғ. أحمد, қаз. Алача хан, ойрат Олоча хан — «Қанішер хан») (1465/ 66-1503/04) — Шығыс және Орталық Моғолстан, Тұрфан өлкесінің ханы. Шағатай әулетінен шыққан Жүніс ханның баласы. Далада қалыптасқан ескі моңғол дәстүрлерін жақтаушы. 1484 ж. әкесінен бөлініп, келесі 10 жыл ішінде жергілікті тайпаларды (аралат, жарас, калучи және т.б.) бағындырып, Моғолстанның шығысы мен орталық бөлігінде билікті басып алды. Қуатты аралат тайпасынан шыққан әмірлерді тайдырып, насл тайпасын толығымен қырғынға ұшыратты. Бұл таластарда Әмір Сұлтан Шорас та мерт болды. Калучи тайпасының бірігіп, ханға қарсы жасалған қастандығы іске аспады.

XVI ғ. әдеби ескерткіші "Бабырнамада" ол туралы біраз тарихи деректер келтіріледі. Өзінің мемлекет ішіндегі қарсыластарын жеңген соң Сұлтан Ахмед ханның сыртқы жауларымен қақтығыстары басталарды. Ойрат (қалмақ) тайпаларының Моғолстанның шығыс аймағына жасаған шабуылдарына тойтарыс беріп, оларды асқан қатыгездікпен аяусыз қырып-жойды. "Алача (Қанішер)" хан атануының себебі - осында. Ойраттардың билеушісі Есен тайшымен болған екі шайқас Сұлтан Ахмед ханның жеңісімен аяқталды.

Қашғар мен Жаркентті қол астына қарату мақсатымен қазақ хандарымен бірігіп, Дулат әмірі Мырза Әбу Бәкірмен соғысып, оны жеңе алмады. Яркендтен қалың қолмен шыққан Әбу Бәкір таулы аймақтарда ханның жолын бөгеп, әскерін талқандады.

Мұхаммед Шейбанидің жеңістерінен кейін 1501-1502 ж. туған ағасы Сұлтан Махмұд ханға көмекке аттанды. Моғолстандағы билік Ахмед ханның үлкен ұлы Мансұр ханның қолына көшті. Мұхаммед Салихтың "Шейбанинамасына" сенсек, шешуші шайқас кезінде Ахмед Сұлтан ханның қол астында 10 мың қалмақтан, 10 мың моғолдан жасақталған әскері болды. 1503 ж. Ахси түбінде болған ұрыста Мұхаммед Шайбаниден жеңіліске ұшырап, Махмұд ханмен ("Шейбанинамада" Ханике хан есімімен белгілі) бірге тұтқынға түсті. Шейбани хан тұтқындардың болашағын анықтау үшін сұлтандар мен қолбасшыларын шақырып, кеңес құрады. 2 кезеңнен тұрған кеңестегі бір топ Ахмед ханның Моғолстанға қайтып, қалың қол жинап, жаңа соғыстың басталуынан қатты сескенді. Ахмед хан мен Махмұд хан әскерлерінің бірігу ықтималдылығы үлкен қауіп төндірді. Қызу таластардан кейін Мұхаммед Шейбани хан тұтқындарды жіберуге шешім қабылдады. Сұлтан Ахмед хан Моғолстанға (Ақсу) қайтқан соң ауруға (сал ауруы) шалдығып, хижраның жыл санауы бойынша 909 ж. (1504 ж. ақпан-наурыз айларында) көз жұмды.

Абай «Біраз сөз казактың түбі айдан шыкканы туралы» еңбегінде С. А. х-ды Ахмет хан есімімен атап, 16 ғ-дың әдеби ескерткіші «Бабырнамадан» ол туралы тарихи деректер келтіреді. С. А. х-ның қалмақтарды көп шауып, аяусыз қырғаны жайлы айтады. Сондықтан да қалмақтар рақымсыздығына қарай «мынау бір аласын болды ғой»деп, Алашахан атандырыпты, - дейді ақын.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9