Шырша әшекейлері

Безендірілген шырша көрінісі

Шырша әшекейлеріЖаңа жыл шыршасын сәндетуге, безендіруге арналған арналған әшекейлер, заттар. Көлеміне, пішініне, қажетті материалдарына байланысты әртүрлі болады.

Шығу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жерді мекендеген көптеген тайпалардың түсінігінде ағаш киелі саналатын. Мысалы, ежелгі римдіктер Сатурн құдайының құрметіне мереке жасап, сол күні үйлерін жасыл жапырақтармен безендіретін болған. Мұнда жасыл жапырақ - мәңгілік өмірдің символы ретінде қарастырылған. Римдіктердің өз батырларын 300-400 жыл өмір сүретін лавр жапырағымен марапаттауы да осы сеніммен тығыз байланысты. Ежелгі Мысыр тұрғындары болса, желтоқсанның ең қысқа күнінде ұлан-асыр той жасайтын болған. Осы күні әрбір мысырлықтың үйінде пальма бұтақтарының тұруы міндетті саналатын. Олар оған өмірдің өлімді жеңуінің нышаны деп қараған. Рейн мен Дунай өзендерінің аралығын мекендеген ежелгі кельт тайпаларының абыздары емен ағаштарын кие тұтып, оған алма ілетін болған. Бұл дәстүр Еуропада нақтырақ айтсақ, Германия мен Скандинавия түбегін мекендейтін елдерде мұрты бұзылмастан сақталған. Кейін келе қарапайым ағаштар қыстыгүні жалаңаш қалатындықтан, шыршаны пайдаланатын болған. Бұл мемлекеттерде шырша безендіру XVII ғасырдан бастап, тұрақты дәстүрге айналды. Көптеген тарихи деректерде шырша безендірудің түп-төркіні неміс халықтарынан шыққандығы айтылады. Алғаш шырша да ХVI ғасырда Германияның Эльзас қаласында безендірілген екен.

Ал кейбір жазбаларда шырша қолданысқа енбес бұрын Еуропа халықтары өз мерекелерінде пирамида пішіндес ағаштан жасалған құрылғыларды пайдаланғандығы жазылған. Олар бұл құрылғының сөрелеріне тәтті-дәмділер мен сыйлықтар қоятын болған. Ал кейбір елдерде шие ағашы - Жаңа жыл сәні болған. Жалпы, шырша туралы дерек XVI ғасыр жазбаларында кездеседі. Онда немістің Страсбург қалашығының бай-кедейлері бірдей қыс кезінде шыршаны әртүрлі қағаздармен, тәттілермен безендіретіндігі айтылады. Бұл дәстүр кейін келе бүкіл Еуропа аумағына тараған. Ал Америка құрлығына жаңажылдық шырша жер аударылған еуропалықтар арқылы жеткен.

Англияда 1841 жылы Виктория патшайымның күйеуі Альберт, Виндзор сарайында шыршаны жеміс-жидектермен, тәттілермен әсемдеп осы әдісті танымал етті. Чарльз Диккенс 1850 жылы жеміс-жидектермен және қылыш, тапаншалармен әсемделген шыршаны суреттеді. Польша мемлекетінде шыршаны періштелердің қанаттарымен, неше түрлі құстардың қаламұштарымен және жұлдызшалармен әсемдеді. Швеция жерінде шыршаларды ашық боялған ағаштан жасалған бұйымдармен әсемдеді. Дания мемлекетінде шыршаны жалаулармен, қармен, қоңыраулармен әсемдеген. Жапония елінде шыршаны қағаздан жасалған бұйымдармен және жұқа желдеткіштермен әсемдеген. Литвада шыршаға сабаннан жасалған торларды ілген. Чехиялықтар жұмыртқаның боялған қабығын қолданды. Украина жерінде шыршаны өрмекші түрдес ойншықтармен әсемдеген. Аңыз бойынша өрмекшінің өрмегімен әсемдеген және де сол азанда күміске айналған деседі. Осылай өрмек электронды шамдарға айналған.[1]

Патшалық Ресей мен КСРО

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ал Ресей жаңа жылды шыршамен қарсы алуды өз дәстүріне 1700 жылы енгізген. 1699 жылдың соңына қарай Ұлы Петр патша Жаңа жылға қатысты бұйрық шығарды. Бұйрық бойынша, Жаңа жыл мерекесінде әрбір орыс отбасында безендірілген шырша немесе қарағай бұтақтары тұруы және бұл мереке жоғары деңгейде тойлануы қажет болған. Осы кезден бастап, Жаңа жылды тойлау орыс халқының дәстүріне де дендеп ене бастайды.

Ресейде безендірілген алғашқы шырша 1852 жылы Петербург қаласында бой көтерген. Бұл елде кеңестік қоғам орнағанға дейін шырша безендіру дәстүрі еш үзілмей келген болатын. Бірақ Кеңес үкіметі орнағаннан кейін шырша безендіру - діни наным-сенім қалдықтары ретінде бағаланып, бұл дәстүрге 1918 - 1935 жылдар аралығында тыйым салынған. 1935 жылы Павел Постышев шыршаны балаларға қуаныш пен бақыт сыйлау үшін енгізу керек деген ұсыныс жасап, «Правда» газетіне жариялайды. Осыдан кейін қаулы қабылданып, бұл мейрам «Исаның туған күні» емес, «Жаңа жыл мерекесі» ретінде халыққа қайта оралады. Онымен бірге әшекей таққан шырша да келеді. Осылайша, Жаңа жылды тойлауға рұқсат беріліп, тіпті, 1940 жылдардың соңына қарай 1 қаңтарды демалыс күні деп жариялайды.

Шырша безендіру дәстүрінің қазақ қоғамына енуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Міне, дәл осы құжат Жаңа жылдың қазақ қоғамына енуіне түрткі болды. Қазақ жұрты бұл мейрамды дәл сол жылдардан бастап тойламағанымен, бұл қаулы біздің дәстүрімізге осы мерекенің енуіне жол ашып берген еді. Негізінен, қазақ халқы Жаңа жылды соғыс біткеннен кейін ғана тойлай бастаған. Соғысқа дейінгі көркем әдебиеттерден Жаңа жыл туралы деректер кездестіру мүмкін емес.

Дегенмен кейбір қазақ ғалымдары Жаңа жыл мерекесін тойлау көшпелілерден тараған дәстүр екенін айтады. Мысалы, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты еңбегінің «Шыршалар мерекесі» деген тарауында осы мәселе қамтылады. Онда автор қыпшақтардың Жаңа жылды желтоқсанның соңында тойлағандығын, тіпті, үлкен деген ақсақалдың сүйікті ағашы шыршаны ерекше құрметтеп, оның бұтақтарына әртүрлі шүберектерді іліп, айнала ән шырқағандығын айтады. Бұл мәселеге қатысты көптеген пікірталастар жүріп жатқандықтан, нақты солай болды деп кесіп айту қиын. Сол себепті біз Жаңа жылдың дәстүрімізге енуін Кеңестік идеологиямен қатар қарастырамыз.

Шыршаны безендіру және наным-сенімдер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Адамзат баласы табиғат ананы ерекше құрмет тұтқан. Сондықтан да кейбір ескі тайпалар табиғи апаттарды, жел мен суық аяздарды орман киесі жібереді деп сенген. Олар орман киесінің ашуын басу үшін ең үлкен ағашқа тәтті-дәмділер мен әсем гүлдер іліп қойып, оны айнала жүріп әртүрлі ырым-жоралғылар жасаған.

Ал Ежелгі Еуропа жерін мекендеген тайпалар ағашқа табынатын болған. Олар адамның тағдыры мен мінезі оның өзіне тиесілі ағашына байланысты болады деп түсінген. Кельт абыздарының пайымынша, әрбір ағаштың киесі бар. Бірінікі жуас болса, екіншісінікі тым қатал болады деп сенген олар қасиетті рухтардың ризалығын алу үшін алып емен ағашын дәмді дүниелермен толтыратын. Шырша мәңгілік өмірдің символы болғандықтан, көбіне таңдау осы ағашқа түсетін. Желтоқсан айында ашуына мінетін рухтардың қаталдығынан қорыққан ел ай соңында осындай діни жоралғылар жасайтын болған деседі. Өсім көп болсын, көк шүйгін болсын деген ниетпен шыршаға алма ілінетін болған. Өмір жалғасын тауып, ұрпақ өніп-өссін деген сеніммен жұмыртқа ілген. Жаңғақтың ілінуі құдайдың құдіретін мойындауды білдіреді.

Ал кейбір елдер қара күштерден үйін және бала-шағасын қорғау үшін шырша бұтақтарын есіктің төбесіне іліп қоятын болған. Қазақтардың да аршаны үйінің төріне іліп қоюы осы кездерден бастау алуы әбден мүмкін. Шырша безендіру дәстүрі бір діни таным негізінде пайда болмаған. Керісінше, пұтқа, табиғи күштерге табынған ежелгі тайпалардан енген дәстүр.

Ежелгі неміс халықтары Жаңа жылда жаңа өмірдің нышаны ретінде бір түп шырша егетін болса, кейін бұл дәстүр кері бағытта жалғасын тапқан. Орманда түрлі әшекей тағынатын шыршалар кесіліп әкелініп, әрбір отбасының төрінен орын алған. Шырша бұтақnары ауыр тәтті-дәмдіні көтере алмағандықтан, адамдар оған жеңіл ойыншық түрлерін ойлап таба бастаған.

Шыршаны заманауи гүлтізбектермен безендіруге жол ашқан адам неміс Мартин Лютер екен. Ол Жаңа жыл қарсаңында өзінің үйіндегі шыршаны шырақтар іліп безендіріп көрген. Лютер идеясының негізінде электр гүлтізбектері пайда болған. Яғни шыршаны безендірудің түпкі мәні жоғалып, сәніне көп мән беріле бастаған. Осылайша ежелгі ырымдар мен жоралғылар халық санасынан біражола өшіп кеткен. Алғашқыда ырым-жоралғыларға байланысты тағылған әшекей енді тек сәндік үшін тағылатын, тіпті, шыршаның өзі Жаңа жылда үйде жарқырап тұруы керек әшекей ретінде ғана қалып қойған.[2]

Қазіргі шырша ойыншықтарының суреттері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]