Ұйымдасқан қылмыс— негізінен экономика аясындағы жүйелі қылмыстық әрекет. Ұйымдасқан қылмыс ұзақ уақытқа есептеліп, кәсіпшілік түрінде жасалады, оны қылмыстық қоғамдастықтар (қылмыстық ұйымдар) материалдық пайда алу немесе қоғамдық өмірдің белгілі бір аясына ықпал ету мақсатымен жоспарлап, жүзеге асырады. Қылмыстық ұйымдардың, көбінесе ел ішінде де, халықаралық деңгейде де белгілі бір құрылымы болады. Ұйымдасқан қылмыс ең алдымен құпия тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің айналымын шоғырландырып, бақылауға алады, мұндай тауарлар мен қызметтерге, бір жағынан, заң жүзінде тыйым салынған, екінші жағынан, олар қоғамда үлкен сұраныс туғызады (есірткі заттар, контрабандалық тауарлар, жезөкшелік, құмар ойындар). Ұйымдасқан қылмыс ерекше қауіпті, өйткені ол халықаралық деңгейде іскерлік әлеміне байқатпай дерлік ықпал етеді және онда үстем жағдайға қол жеткізеді. Қазақстанда қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) құру қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстардың қатарына жатқызылған.[1]
- ↑ Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: Жеті жарғы, 2008. ISBN 9965-11-274-6