Алмалық (көне қала)

 Басқа мағыналар үшін Алмалық деген бетті қараңыз.
Каталон атласындағы Шағатай патшалығы (1375). Кебек хан бейнеленген: Бұл жерде Медея [Медиа] империясының әміршісі Чабеч (Кебек) патша билік етеді. Ол Эмалекте (Алмалик) тұрады[1]. Оның қалалары Шағатай туымен () бейнеленген[2][3].

АлмалықОрта ғасырдағы көне қала жұрты.

Географиялық орны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Іле өзенінің бойында, қазіргі ҚХР-дың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы территориясында, Қазақстан шекарасындағы Қорғас ауылының солтүстік-шығысында 20 км жерде орналасқан.

Қираған қала орны шамамен 25 км2 аумақты алып жатыр. Кең ауқымды ресми археологиялық қазба жұмысы жүргізілген жоқ. 1950 жылы қытай археологі Хуан Вэнби және соңғы жылдарда Шыңжаң тарихи мұражайының археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Қыш және фарфор, оның ішінде орта ғасырларда аса қымбат бағаланған қытайдың селадон фарфор ыдыстары, Шағатай ұлысының алтын, күміс теңгелері, металдан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен еңбек құралдары, түркі тілінде сөздер жазылған несториандық құлпытастар т. б. құнды мұралар табылды.

Қаланың шығыс жағында Алмалықта билік жүргізген Тоғлық Темір ханның (13291363 жылдары) күмбезі бар. Алмалық туралы Шыңғысхан жорығына қатысушы қытай ғұламасы Чанчунь Жэнрэнның, шүршіт Елуичусайдың сапары туралы жазбаларда, «Юань тарихында», Алмалықтың өзінен шыққан тарихшы-ғалым Жамал Қаршидің «Мүлхакат әл-сурах» атты еңбегінде, сондай-ақ М. Х. Дулатидің, Рашид әд-Диннің, Жувейнидің, Бабырдың кітаптарында, армян патшасы Геитунның қолжазбаларында мол мағлұматтар келтірілген. Қаланың негізі қашан қаланғаны белгісіз. Оның бізге белгілі алғашқы билеушісі қарлұқ Озар Тұғырыл ханды Шыңғысханға тізе бүккені үшін Найман ханзадасы Күшлік өлтірген. Шағатай ұлысы кезінде Алмалық хандықтың жазғы ордасы болды. 14 ғасырдың басында ұлыс ыдыраған кезде Моғолстан (Шығыс Шағатай) астанасына айналды.

Тарихи деректер бойынша Алмалық Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорықтары барысында (1357, 1383, 1390 жылдар) күйреген. Жібек жолының негізгі күре тамырынан орын тепкен өзге де көптеген қалалармен қатар Алмалық та ірі сауда, мәдениет және саяси орталық ретінде Қазақстан мен Шығыс Түркістанның орта ғасырлық тарихы мен мәдениетінде аса маңызды рөл атқарды[4][5].

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Açi senyoreya lo rey Chabech, seynior qui es dit del imperi de Medeia. Aquest esta en Emalech. in Buchon, Jean Alexandre Notice D'un Atlas En Langue Catalane, Manuscrit de L'An 1375 Conservé Parmi Les Manuscrits de La Bibliothèque Royale Sous Le Numéro 6816, Fonds Ancien — 2011. — Б. 135. — ISBN 978-1271741458.
  2. Massing, Jean Michel Circa 1492: Art in the Age of Exploration — Yale University Press, 1 January 1991. — Б. 30. — ISBN 978-0-300-05167-4.
  3. The Cresques Project - Panel VI.
  4. Жетісу. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. — 712 бет. ISBN 9965-17-134-3
  5. Қазақ энциклопедиясы
  6. Prazniak, Roxann. Sudden Appearances: The Mongol Turn in Commerce, Belief, and Art — University of Hawaii Press, 31 March 2019. — Б. 80. — ISBN 978-0-8248-7808-5.