Сопылық әдебиет, Тасаууф әдебиеті - ішкі рухани тереңдікке және Жаратқанға құштарлыққа бастайтын сөз өнері ретінде 8 ғасырда мұсылман елдерінде қалыптасқан.
Сопылық әдебиет исламның қайнар көзі саналатын Құран мен хадистерден бастау алған. Иман тақырыбына терең бойлаған алғашқы сопылар жаратылыстың таңғажайып сырлары мен Құранның ішкі мәнін және адамның болмысын ұғынуға талпыныс жасады. Қасаңдыққа бой алдырмай, шынайы ықыласпен жасалған бұл талпыныс кезінде сопылар Құран мен тәпсірге, хадис пен сүннетке және шариғат қағидаларына сүйенді. сопылық әдебиет құлқынның қалауына ерік бермей, нәпсіні тежеу, харам мен күдікті нәрселерге аса сақтықпен қарап, тақуа өмір кешу, фәни дүниенің рахатын тәрк етіп, өлместен бұрын өлу, осылайша сүйікті Жарға қауышу сияқты ұғымдар арқылы өрбіді. Увайс әл-Қарани (657), Хасан Басри (728), Ебу Хашим суфи (767), Ибраһим бин Етхем (777), Суфиян Саури (778), Рабият-ул Адауийя (804), Зу-и-нун әл-Мысри (796 – 861), Баязид Бистами (874), Жүнейд Бағдати (909), Халлаж Мансұр (921) сияқты алғашқы сопылар сопылық әдебиеттің қалыптасуына ықпал етті. Зу-и-нун әл-Мысри “пенде бойындағы рухани кемелдікке бастар жолда кездесетін кедергінің бірі “меннен” бас тартып, Жаратушы Иемен бірігіп, тұтасып кетуі тиіс” десе, Баязид Бистами Алланың шексіз мейірімі туралы айтып, сүйіспеншіліктің маңыздылығын ескертті. Жүнейд Бағдати “сопылық жолда Құран мен хадис білмейтін кісіні пір тұтуға болмайды” деген тұжырымын айтты. Сопалық әдебиеттің мақсаты – Алла тағаланы әрдайым еске ала отырып, одан ғапіл қалмау, таңғажайып тылсым дүниенің көркем көріністеріне көз жіберіп, көңілге тоқу арқылы Алла тағаланың әсем аттары мен сипаттарын білу, оның әмірлерін түсіну және қалтқысыз сезіммен оған құлай беріліп, сүю. Сопылар исламның қайнар бұлақтарынан бастау алған сопылық әдебиетте кемел адам, мағрифат, шариғат, тариқат, хақиқат, мақам, пір, нұр, сабыр, зауқ, тақуа, қайғы-мұң, тәуба, сұхбат, тәуекел, уара, фана, тәсілім, тәсбих, шүкір, мухаббатуллаї, ихлас, зікір сияқты ұғымдарды пайдаланды. Сондай-ақ “жүрек”, “көңіл”, “көкірек көзі” сынды ұғым-түсініктер де сопылық әдебиеттің тұрақты тіркестеріне айналды. Өйткені тасаууф ілімінде жүрек – иманның тұрағы, ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншіліктің мекені болып табылады.
Сопылық әдебиетте “Хақты танып, Хақиқатқа ұласу”, “Сырды түсінуге ұмтылу”, “Сүйіктіге ғашық болу”, “Жарға ынтық болу”, “Сүйіктімен сұхбат құру”, “Ақиқат шарабын ішу”, “Мас болып, естен тану”, “Көбелек болып, отқа күю”, “Өлмей тұрып өлу”, “Пәруанадай шыр айналу”, “Гүлге ынтызар бұлбұлдай сайрау” сияқты ұғымдар қолданылды. Сонымен қатар сопылар дүниені жемтікке, нәпсіні төбетке теңеді (Дулат Бабатайұлы, т.б.). Сопылар негізінен Тәңірі алдында тізе бүгіп, қатесін ұғынып, тәубаға келуді, “ынталы жүрек, шын көңілмен” егіліп, Жаратқанға жалбарынуды, сүйіктіге мұңын шағып, оған құлшылық етуді насихаттады. Сопылықты “хәл ілімі” деп те атайды. сопылық әдебиет өкілдері Алла мен оның елшісіне арналған махаббатын түрлі тәмсіл-рәміздер мен аллегориялар, ым-ишаралар арқылы жеткізді, трансқа түсіп, Тәңірмен тілдесуді түрліше баяндады. Дегенмен сопылық әдебиетте метафоралық әсіре бояу мен захир іліміне қайшы келетін “шараб” сияқты ұғымдар қолданылғандықтан, кейде шариғат үкімдерімен үйлеспейтін. Тіпті бұл жолда “Мен – Хақпын” (“Ана-л-Хақ”) деген Халлаж Мансұр мен хуруфилік сенімі үшін Сеийд Несими есімді сопылар өлім жазасына кесілген. Сондықтан сопылық әдебиетте Сүйіктінің сырын сақтау, оны жалпақ жұртқа жария етпеу үлкен маңызға ие. Бұл жайында Харис Мухасиби (857), Келебази (990), Ебу Талиб Мекки (996), Абд-ул Керім Кушейри (1072), Хужвири (1077) еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Сопылық пен сопылық әдебиеттің нық орнығып, шариғатпен үндесе бір арнаға түсуіне имам Ғазали (1111) көп еңбек сіңірді. Дәуірінің ең ірі оқу орны саналатын “Низамия” медресесінің басшысы қызметін тастап, ақиқатты іздеп шыққан Ғазали ұзақ ізденіс нәтижесінде ақыл мен жүректің үндестігін табуды көздеді. Одан кейін Ибн-ул Жеузи (1200), Шихабеддин Сухраверди (1191), Хаким Санаи (1130), Феридуддин Аттар (1141 – 1229), Мұхиддин ибн Араби (1165 – 1241/42), т.б. сопылар өз шығарм-тары негізінде сопылық әдебиетті дамытты. Хорасан мен Түркістан жеріне сопылық әдебиет Иран өлкесі арқылы келді. Әуелі Бағдат, Куфе, Шам, Герат, Нишапур, Мерв сияқты қалаларда өріс жайған сопылық әдебиет уақыт өте келе Бұхара, Самарқанд арқылы [[Мауераннахрға]] жетті. Мұны Жүсіп Баласағұнның (12 ғасыр) “Құтадғу білік” шығармасынан аңғаруға болады. Сопылық әдебиет, әсіресе, Қарахан мемлекеті тұсында, Қожа Ахмет Ясауи (1093|1093/1103 –1166) шығармашылық негізінде дамыды. “Менің хикметтерім – “хадис қазынасы”, оны оқып таныр болсаң – бар мағынасы Құран” деп жырлаған Ясауидың “Диуани хикмет” еңбегі көшпелі түркі тайпалары арасында ислам дінінің кеңінен таралуына қызмет етті. Иасауи Құран мен хадисте, тәпсір мен фикхта кездесетін арабша жазылған күрделі ұғымдарды түркі тілінде түсінікті, жеңіл етіп, халық поэзиясы негізінде жеткізе білді. Ясауидан кейін хикмет жазу үрдісін Ахмед Иүгінеки (12 – 13 ғасырлар), Хакім ата Сүлеймен Бақырғани (12 ғасырдың басы – 1186) секілді шәкірттері жалғады. “Бақырғани кітабы”, “Миғражнама”, “Ақырзаман кітабы”, “Мәриям кітабы”, т.б. еңбектер “Диуани хикмет” үлгісінде жазылған. Бұл дәстүрді Сыр мен Еділ бойында Саиф Сараи (1321 – 1396), Хорезми, Құтыб (14 ғасыр), ал Анадолы жерінде Қажы Бекташ әулие, Жүніс Әміре сынды ақындар жалғастырды. 13 – 14 ғасырларда Анадолыда өмір сүрген Мәулана Жалаладдин Руми, Ахмет Факих, Шеяд Хамза, Несими, Гүлшехри, Қайғысыз Абдал сынды ақындар да сопылық әдебиет өкілдері қатарында саналады. Алтын Орда мен Шағатай ұлысында да сопылық әдебиет қарқынмен дамыды. Орталық Азияда Әлішер Науаи, Мырза Бедил, Молла Жәми, Сопы Аллаярдың еңбектері “Чар кітап” деп аталып, мектептер мен медреселерде арнайы оқытылды. Қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясында да сопылық сарын көрініс тапқан. Сыпыра жырау мен Асан Қайғыдан бастау алатын сопылық әдебиет дәстүрлері қазақ сөз өнерінде зар заман өкілдері мен Абай, Шәкерім, М.Жұмабаев, М.-Ж. Көпеев, Ғ.Қараш, т.б. ақындарға зор ықпал еткен.
[1][2]Бартольд В.В., Собр. соч., т. 5, М., 1968;[3][4][5][6][7][8][9][10][11][12][13][14]