Торпедо – айлақтарды, гидротехникалық құрылыстарды, су үсті кемелерін немесе сүңгуір қайықты жоюға арналған, тұмсық бөлігінде заряды (қарапайым немесе ядролық) бар өздігінен басқарылатын су асты снаряды. Торпедо сүңгуір қайықтар мен кейбір су үсті кемелерінің негізгі қаруы. Олар торпедо аппараттары арқылы жіберіледі. Торпедоның алғашқы үлгісін 1866 ж. ағылшындар Р.Уайтхед пен М. Луппис жасады. Ұршыққа ұқсас формаға ие, ұзындығы 3,5 м, жалпы салмағы 140 кг-ды құрады. 11 – 15 км/сағ жылдамдықпен 800 м қашықтыққа дейін жетті. Көп ұзамай Торпедомен көптеген мемлекеттердің флоттары қаруланып, сүңгуір қайықтар, Торпедолық катерлер, миналы кемелер, крайсерлер мен салалық кемелердің негізгі қаруына айналды.
Торпедоны бірінші рет 1877 – 1978 ж. Орыс-Түрік соғысында орыс корабльдері қолданды. 1904 – 1905 ж. Орыс-Жапон соғысында және 1-дүниежүзілік соғыста торпедолар кеңінен пайдаланылды. 1930 жылдары торпедо тасушы авиация пайда болды. 2-дүниежүзілік соғыста АҚШ пен Ұлыбританияның сүңгуір қайықтары, су үсті корабльдері мен топедолық авиацияларынан 30 мыңға жуық торпедо жіберілді. Жапонияның қарулы күштерінде адам басқаратын торпедо қолданылды.
Қазіргі заманғы флоттарда қозғалтқыш түрлеріне байланысты торпедолар бұғазды, электрлі және реактивті болып бөлінеді. Олардағы торпедо корпусының ұзындығы 2,6 – 9 м және одан да ұзын болып келеді. Олар 140 км/сағ жылдамдықпен 17 км қашықтыққа дейін жете алады. Қазіргі замандағы торпедолар өзінің бағыты және тереңдігі бойынша қозғалысын автоматты түрде басқаратын күрделі аппараттармен жабдықталған. Траектория сипатына байланысты торпедолар өздігінен бағытталатын, маневрлік және тура бағытталушы болып бөлінеді. Торпедоларды кемелерге бағыттау үшін олардың шуларын пайдаланатын акустик. өздігінен бағытталу жүйесі қолданылады. Соңғы уақытта өте тереңде жүзетін жаңа сүңгуір қайықтарды жоюға арналған 300 м тереңдікке дейін сүңгитін Торпедолар жасалуда. Торпедолардың ұрыстық заряды түйіспелі немесе түйіспейтін жарғыш түрлерімен жарақталады.
«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |